2015 жылдың 18 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Адамның иманы күшейген сайын арсыздықтан арыла бастайды. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…», – деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Қадірлі ағайын!

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық!

Мейірімділік, кешірімділік, игілік, имандылық һәм адамгершілік құндылықтар салтанат құрған қоғамның қашан да болашағы баянды, келешегі кемел.

Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаның рухани дәмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.

Қадірлі қауым!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

16 thoughts on “2015 жылдың 18 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

  1. Былтыр 3 кун карыз болдым сагат нешеде бекитип отеуиме болады?

  2. Иә, қарыз оразаны таң намазының кіру уақытынан шам намазының кіру уақытына дейін ұстайсыз. Намаз уақыттарын мына сайттан көрсеңіз болады http://namaz.kuran.kz/

  3. Құрметті Самат, сұрағыңыз түсініксіздеу. Рамазан айында намаз оқымай ораза ұстасам қабыл бола ма деп тұрсаңыз, инша Алла қабыл болады. Бірақ намаз оқымағанымыз .үшін де жауап беретінімізді ұмытпайық.

  4. Ассалаумуалайкум ораза кабыл болсын, менiн сурагым ораза устаганда тан намазын окып ауыз бекiтема? Тукiрiк жутуга болама узы жабык адам

  5. Құрметті Айгүл,
    ауызды таң намазының уақыты кіргенге дейін бекітеді. Яғни таң намазына дейін. Түкірік жұтуға болады

  6. Ассалумагалекум, Админ! Егер саресине уйыктап калган жагдайда не истеу керек?? Ауызды бекиту керек па? Алде журе беру керек па??

  7. Assalamu aleikum. Menin suragim bar edi. Tan namazi aktobe uakiti boinwa 3-03 kiredi al men kewigip kalp 3-20da japtim olai bolama.

  8. Уағалейкумсалам Аягүл,
    ауызды таң намазы кіргенге дейін жабу керек. олай болмайды.

  9. Уағалейкумсалам Арман,
    ешнәрсе жеместен ауыз бекіту керек.

  10. Ассалаумагалейкум, Ораза кабыл болсын. ! Менiн сiздерден сурарым, Аузы берiк адамга жуынуга бола ма. Мен бiр рет жуынгам, сол каза емес пе ?

  11. Уағалейкум салам
    әрине болады.
    тамағыңызға су кетіп қалмауын қадағалаңыз

  12. Баршаларыңызға сәлеметсіздер ме. Бүгiнгi Қадыр Түнi қабыл болсын.! тағыда сұрарым: Ораза ұстайтындарға ауызы берік кезде жуынуға бола ма ? Бүгін, яғни Қадыр Түнінде мешітке барамыз ғой, сол таза болып барайын деп жуынғам. бұл енді қаза ма ? Әпкем, дұрыс емес жуынғанын дейт( а Мен Сіздерден сұрағанымда, Сіздер айтқансыздар, тамағына су кетпесе болды деп. Енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс бас қатты…
    қаза болса күндеріме қоса өтермін.

  13. Ораза кезінде жуынуға болады. Оразаңызға еш кедергі емес. Жуынуға болмайды деген теріс пікір. Ниетіңіз қабыл болсын!

  14. Сәлеметсіз бе? Ораза кезінде өзен-көлдерде, бассейнде шомылуға болама?

Leave a Reply