Оразаны не үшін, кім үшін ұстап жүргенімді білмеппін…

Тұрақты оқырмандарымыздың бірі – Жасұлан Назаров, «5 сауал» жауаптарын жолдаған екен. Өзінің алғашқы оразадағы әсерін шынайы жеткізе білген оқырманымызға алғысымызды білдіре отырып, жауаптарын жариялаймыз.

1 Өміріңдегі ең алғашқы Оразаны есіңе алғанда бірінші кезекте не түседі? Неге?

Осы сұрақ мен үшін дөп қойылған. Себебі мен алғашқы оразамды Қыдыр түнін күткен күніммен еске аламын. 1999-2000 жылдар болса керек. Қыдыр ата әне-міне кіріп келердей екі көзіммен айналамды шолып отырғанмын. Оның үстіне ойда жоқта ұйықтап қалсам, жылы жатайын деп, үстіме көрпешені де қымтап, орап алдым. Таң атқанша көз ілмедім. Әр нені бір ойлап, уақыт өтті. Бір қызығы сол жылы университетке түстім. Ал оразаны алғаш рет сол студенттік жылдары ұстадым. Бәрін тәптіштеп айтпай-ақ қойяын. Себебі, ол кездері оразаны не үшін, кім үшін ұстап жүргенімді білмеппін. Рамазан айы болсын, болмасын таң атқаннан, кеш батқанға дейін аш жүрміз ғой деп жүре беріппін.

Шынымды айтсам, аталған бірінші сауал біраз ойландырып тастады. Алғашқы кезде ораза ұстаған кезімді еске алып, қазіргі жағдайыммен салыстырамын. Өз-өзіме таңырқап отырмын.

2 Егер ертең Оразаның алғашқы күні болса, бүгін не істер едің?

Егер ертеңімді Аллаһ тағала білдіртіп қойса, дәл осылай сұраққа жауап жазып отырмас едім. Ал негізінде ертең ораза десе, «Ұстасам ба?» деп ойланып жүретін едім. Ал қазір осы сайт арқылы оразаға дайындалып жүрмін және кейбір мақалаларыңызды көшіріп алып әріптестеріме таратудамын.

Әсіресе, Эльвираның «Өсиет әңгімелерін» достарым сүйіп оқиды. Тіпті, Эльвирадан хат барма деп мазалайтынды шығарды.

3 Ораза ұстау барысында басыңнан өткен қандайда бір қызықты оқиғамен бөліссең.

Әлгінде ғана бұл сұраққа жауап берген секілдімін. Дегенмен Ораза айы қызыққа толы ғой. Себебі бір жыл бойы дамылсыз жұмыс істеген асқазан сәл-пәл «отпускі» алып, демалып тұрады. Басқа дене мүшелері де солай. Оразаның қызығы соншалықты бұрын бір-бірімізді балағаттап жүрсек, бұл айда сап тыйылып, тәртіпті бола қаламыз. Біреулер жамандап, балағаттап жатса «Ораза едім!» дей саласыздар. Ішіндегі ашуын сыртқа шығарғанша асығып, безілдеп жүретіндердің өздері ашуды ақылға жендіруді үйренетін осы бір айдың керемет қызықтары таусылмайтын тәрізді.

4 Ең жақын досың Ораза ұстағысы келмей сылтау айтып жүрген болса яки теріс жолға түсіп бара жатса, қандай шара қолданасың.

Бұл жерде ең жақын досың депсіздер. Ең жақын дос деп мен бауырларымнан кейінгі адамды айтамын. Сол ең жақын досым, Иншаллаһ, тура жолға келе жатыр.

Негізінде барлығын мешітке шақырар едім. Бірақ кейбір адамдар бұл ойымды құптай бермейді…

5 Оразаға орай сені ауызашарға шақырсақ, соңынан бата тілесек,қандай бата берер едің.

Ауызашарға шақырсақ деп сұрақты дұрыс қойыпсыздар, себебі ертең кім бар кім жоқ. Аллаһ біледі. Егер шақырып жатсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Қазнеттегі көптеген жандармен жақынырақ таныссақ деген ниет бар.

Ал бата бер десеңіздер, Фатиһа сүресін оқып берер едім. Себебі Ораза айында оқылған сүрелерге сауаптар мол беріледі. Оразада Құран оқыңдар дейді, ал Фатиһа – сол Құранның әліппесі.

Сөз соңында сіздерге рахмет айта отырып, “Аллаһ разы болсын!” деймін. Осы сайттың оқырмандарына: «Ораза ұстаңыздар, Аллаһ несібелеріңізді арттырады және бұл ай 1000 айдан да қайырлы ай екенін ұмытпаңыздар» дегім келеді.

Ізгі ниетпен,

Жасұлан Назаров


2 thoughts on “Оразаны не үшін, кім үшін ұстап жүргенімді білмеппін…

  1. Ассалаумағалейкум Жасұлан бауырым!!! Оразаңыз мубарак болсын! Осындай қызық та тартымды әңгімеңіз үшін рахмет. Аллаһ разы болсын!

Comments are closed.