Пайғамбарымыздың оразаны түсіндіруі

Құлшылықтың пайдалары мен ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірген Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйҺи уә сәлләм) үмбетін де соны орындауға ынталандырған.

Әбу Һұрайра риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:
«Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық»1.

Аллаһтың разылығы үшін аштықтың тауқыметін тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексіз рақымға бөленбек.

Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Әр нәрсенің өз зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза ұстау. Ораза – сабырдың жартысы»2 – деу арқылы құлшылық жасауда сабырлы болуға шақырады. Ораза бір жағы күнә жасамауда сабырлы болуға, екінші жағы ғибадат жасауда шыдамдылыққа тәрбиелейді.

Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (р.а.) былай дейді:
«Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады»3.

Оразаның сауабына байланысты басқа хадистерінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Кімде-кімді ораза ішіп-жеуден тыйса, Аллаһ Тағала оған Жұмақ жемістерінен жегізіп, Жұмақ бұлақтарынан ішкізеді»4, «Жұмақта «Раййан» деп аталатын есік бар, ол есіктен тек ораза ұстағандар ғана кіре алады»5, – деу арқылы ораза ұстаушылардың Жәннатта арнайы құрметке бөленетінін сүйіншілеп жеткізген.

Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) басқа да хадистерінде: «Ораза ұстаған жанның жегені адал болса, ақыретте есепке тартылмайды»6;

«Ораза ұстағанның ұйқысы – ғибадат, үндемегені – (Аллаһқа айтылған) мадақ! Жақсылықтары мен ғибадаттарына еселеп сауап жазылады. Оның дұғасы қабыл етіліп, күнәлары кешіріледі»;
«Рамазан айына жете тұрып, Аллаһ Тағаланың рақымы мен кешірімінен мақұрым қалған адамның жағдайы қандай өкінішті»
7 – деп, мұсылмандарды рақым нұры төгілген бұл айдың берекетінен мақұрым қалмауға шақырған.

Сүйікті Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде кім бұл дүниеде ораза ұстаса, ақыретте ол адамға ұстаған оразасының кешірім тілеп шапағат ететіні айтылған:
«Ораза – ауыз бекіткен жанға Қиямет күні шапағат етеді. Сол күні ораза Хақ Тағалаға «Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп-жеу, ләззат атаулыдан тыйдым. Сол себепті, оған деген шапағатымды қабыл ала гөр!» деп тілек тілейді. Аллаһ Тағала оразаның бұл тілегін қабыл алып, оның шапағат етуіне рұқсат етеді»8.

1) Бухари, Саум, 2; Муслим, Сиям, 152
2) Ибн Мажә, Сиям 44
3) Нәсаи, Сиям, 43
4) әл-Хунди, Кәнзул-Ұммал, 3/328
5) Ибн Мажә, Сиям, 1
6) әл-Хунди, Кәнзул-Ұммал, 3/328
7) Тирмизи, Даауат, 100
8 ) әл-Мұнзири, әт-Тарғиб, 2/84

«Рамазан – нұр шашқан ай!» кітапшасы
«Көкжиек» баспасы

4 thoughts on “Пайғамбарымыздың оразаны түсіндіруі

  1. Ақтау қаласы бойынша кестені қайдан табуға болады екен. Комектесіңдерші

  2. Мен ораза тұтқаныма биыл 9-шы жыл кетіп бара жатыр, бірақ дәл бүгін естідім, ораза тұтқан кезде сарымсақ жеуге тиым салынады дейді, соны маған анықтап беруіңізді сұраймын. Және де ораза тұтқанда нендей тамақтарға тиым салынады, харамнан басқа?

Comments are closed.