Жапониядағы оразам

“Бес сауалдың” кезекті авторы – Жанна, бізге Жапонияда өткізген оразасының әсерлерімен бөлісіп, біраз мәліметтер жіберген екен. Сайтымыздың қолданушысына алғысымызды білдіре отырып, жауаптарын жариялаймыз.

1. Өміріңдегі ең алғашқы Оразаны ойлағанда есіңе бірінші кезекте не түседі? Неге?

Ең алғашқы ораза туралы аса есте қаларлық нәрсе есімде жоқ. Ол кезде мектепте 7 әлде 8 класта оқыған болатынмын. Алғашқы жылы оразаны басында, ортасында, аяғында ұстадым. Бізге жеткен жалған мәлімет солай болды ғой 🙂 Ал саналы түрде 9-сыныптан бастап ұстай бастадым деуге болады. Бұл қазақ-түрік лицейінде оқыған кезім еді. Ораза ұстаған қыздарға арнап түрік мұғалімдеріміз сәресіде кезекпен тамақ әзірлеп беретін. Көңілді өтетін.

2. Егер ертең Оразаның алғашқы күні болатын болса, бүгін не істер едің?

Қай күнге ауызашар жасаған дұрыс болар екен деп жоспар жасар едім.

3. Оразаны ұстау барысында басыңнан өткен қандай да бір қызықты оқиғамен бөліссең?

3-4 курста университетте оқып жүргенде, Қадір түнінде бірталай қыздар біздің бөлмеге жиналып, Харун Яхьяның фильмін қарап, бір құрбым дауат айтып, сондай бір керемет түн болған. Шынымен сол жылғы түн Қадір түні болды-ау деймін. Түн тып-тыныш болды.
Одан басқа Жапонияда оқып жүргенімде индонезиялық достарым жиналып Құран оқитын. Ораза десе, сол кештер еске түседі. Жапондықтар негізі оразаның не екенін жақсы біледі. Бірақ өздеріне қатысы жоқ нәрсе деп қабылдайды. Әйтпесе, Рамазан айынан басқа кезде де дүкендерінен құрма табуға болады. Жапонияда мұсылмандар көп емес. Таяуда жапониядағы достарым Фукуока қаласында мешіт ашылғанын хабарлаған. Суретін де салып жіберіпті (суретте). Соған қарағанда мұсылмандар ол жақта да көбейіп келе жатқан тәрізді. Бір қызығы Кагошима қаласында жүргенде халал тауықты кәдімгі жапон супермаркетінен алатынбыз 🙂 Сондағы дүкендерде сонымен қатар халал жартылай дайын котлеттер де болатын. Сол котлеттер Жапонияға Бразилиядан келеді екен.

Ораза кезінде ауызашарларым көбінесе индонезиялық достарыммен бірге өтті. Халықаралық студенттер Үйі деген арнайы жатақхана болатын. Сол жерде пәкістандық, бангладештік апайларым тұрды. Олар да қонаққа жиі шақырып, небір ғибратқа толы әңгімелер айтатын.

4. Ең жақын досың Ораза ұстағысы келмей сылтау айтып жүрген болса, яки теріс жолға түсіп бара жатса, қандай шара қолданасың?

Қаншама сауаптан құр қалып жатсың деген тақырыпта мини лекция оқыған дұрыс шығар. Әйтпесе, кей адамдар көбіне мән бермей жүре беруі мүмкін. Ораза ұстаған адамның көңіл- күйі керемет қой шынымен. Әттең, Ораза тұтып көрмегендер мұны сезбейді.

5. Оразаға орай Сені ауызашарға шақырып, соңынан бата тілесе, қандай бата берер едің?

Ғибадаттарыңыз, ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілегіміз қабыл болсын, Аллаһ тағала екі дүниенің бақытын нәсіп етсін.