Сәресіне тұра алмай қалдым… Не істеймін?

Қасиетті Рамазан айының оразасын алғаш рет өтеп жүргендерге таңертең ерте тұру кей сәтте қиын болуы мүмкін. Кешке сәресіне тамақты дайындап қойып, ниеттенсеніз де ойлағандай бола бермейді. Ең бастысы сәресіне тұра алмай қалсаңыз оразаңыз бұзылмайтынын біле жүрген жөн.

 

 

Сонымен, егер сәресіне тұра алмай қалсаңыз не істеген жөн?

1. Сабыр сақтаңыз! Сәресіне тұра алмай қалдым деп айналаны дүрліктірудің қажеті жоқ. Таң намазын оқып, Құранның қасиетті аяттарына зер салыңыз. Көңіліңіз орнына түседі.

2. “Сәресіне тұра алмай қалдым”, “кеше ауыз ашарда аз ғана тамақ жедім” тәрізді туралы ойларды ойлай бермеген жөн. Өзіңізді іштей жазғыра бермеңіз. Себебі мұндай ойлар сізге күні бойы сергек жүруге кедергі келтіреді. Мүмкіндігінше, иманыңызды күшейтуге септесетін іспен айналысыңыз.

3. Сәресіне тұра алмай қалған күнді өзіңіз үшін сынақ деп қабылдаңыз. Күні бойы сол сынақтан өтудің амалын ойластырыңыз.

4. Қарныңыз қатты ашып кетсе, күндіз бір мызғып алыңыз. Бірақ ұйқыңыз 2-3 сағатқа созылып кетпесін. Мүмкіндігінше пайдалы бір іспен айналысыңыз. Рамазан айы көзді ашып жұмғанша өте шығатынын ұмытпаңыз. Сондықтан бұл күнді Рамазан айының ерекше бір күні ретінде қабылдап, айналыңыздағыларға пайда келтіретіндей амалдарды атқарумен өткізіңіз. Құлшылығыңызды арттыра түсіңіз.

5. Ең маңыздысы. Дұға қылыңыз! Күнделікті қайталайтын “Өзіңе ғана құлшылық етеміз және Өзіңнен ғана жәрдем сұраймыз” (Фатиха сүресі) деген аяттар таныс болар.  Аллаһ Тағаланың разылығы үшін ораза тұтқан болсақ, Рамазан айындағы құлшылықтарымыз толық болуы үшін де Аллаһтан жәрдем сұрап, дұға қылайық.

Оразаңыз қабыл болсын!

Әзірлеген Асхат Еркімбай
Жазбаны әзірлеу барысында www.productiveramadan.com деректері қолданылды.
Сурет СС рұқсаты негізінде vincealongi мұрағатынан алынды