Рамазан акциясы

Ассаламуғалейкум қадірлі достар! Ғылыми зерттеу жұмыстарыма байланысты шетелде жүргендіктен біраз уақыттан бері бағаныма жаза алмадым.

Міне, қасиетті рамазан айы да келіп жетті. Әуелі баршаларыңызды шарапаты мен шапағаты мол осынау мүбәрак аймен құттықтағым келеді. Жаратқанның рақымы мен берекесі ерекше асып-төгілетін бұл айдың қадірін біліп, мейлінше тиімді пайдаланайық достар!

Ол үшін:

  • Өзімізге күндік кесте жасайық! Атқаратын жұмыстарымыз бен құлшылықтарымыздың әрқайсысының уақытын белгілеп, ретке қояйық.
  • Міндетті түрде сәресін ішуге көңіл бөліңіз. Сәресі оразаны оңай ұстауға, құлшылық, жұмыстарыңызды сергек атқаруыңызға көмектеседі.
  • “Оразамын ғой” – деп күндіз шамадан тыс ұйықтамаңыз. Берекелі уақытты босқа өткізбеуге ұмтылыңыз!
  • Ауызашарда асты шамадан тыс тойып ішпеңіз!
  • Бес уақыт намазымызды мүмкіндігінше жамағатпен оқиық!
  • Тарауих намазынан қалмаңыз!
  • Кей мешіттерде тарауих намазында Құранды 15 күнде хатым етіп жатады. Құран хатым етілгеннен кейін босансымаңыз. Айдың соңына дейін құлшылығыңыздағы қарқынды азайтпаңыз.
  • Арабша оқи алсаңыз, бұл айда Құранды ең болмаса бір рет хатым етіңіз. Күніне бір пара оқысаңыз болғаны.
  • Құранның арабшасын оқи алмасаңыз қандай да бір тәпсір оқыңыз.
  • Осы айда жаңадан бір сүре, дұға болса да жаттап, жадыңызға қосуға ниеттеніңіз. Оның мағынасын түсінуге тырысыңыз.
  • Кем дегенде бір іргелі діни кітапты оқып шығыңыз. Үлкен болса беттерін күндерге бөліп тастаңыз. Ұнаған жерлерін бөлек жазып алыңыз.
  • Сәске, әууабин секілді нәпіл намаздарды, арнайы дұғаларды күнделікті оқуға дағдыланыңыз. Рамазаннан кейін де жалғастыруға ниеттеніңіз.
  • Ауызашарға тек жиі араласатын таныс, туысқандарыңызды, қызметттестеріңізді емес, басқа адамдарды да шақырыңыз. Мысалы студенттерді, көптен араласпай кеткен таныстарыңызды, мүлдем танымайтын мұқтаж жандарды.
  • Жағдайыңыз келсе, көбірек садақа беріңіз!
  • Өзіңізге сын көзбен қараңыз. Осал жеріңізді, бойыңыздағы жағымсыз мінезді табыңыз. Рамазан бойы солардан арылуға ерекше қайрат көрсетіңіз. Ең болмаса, біреуінен құтылыңыз. Шын мәнінде мінсіз кісі болмайды!
  • Темекі тартатын кісілерге бұл ай таптырмайтын мүмкіншілік. Онсыз да күндіз темекі тартпайды. Ендеше, осы айдың шарапатын пайдаланып, темекісін тастауға әбден болады.
  • Ұзаққа созылатын бос әңгіме, арзан қалжыңға себеп болатын жиын, отырыстардан қашыңыз!
  • Телеканалдардағы пайдасыз бағдарламалар, бітпейтін телесериалдармен уақытыңызды өлтіріп алмаңыз! Ғаламторда, әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт отырмаңыз!
  • Нәпіл құлшылықтың қайсысын, ізгіліктің нендейін жасасаңыз да, ең бастысы аз болса да, шамаңыз жететіндейін тұрақты түрде жасаңыз! Алғашқы күндері үйіп-төгіп жасап, кейіннен ауырсынып түгелдей тастауға мәжбүр болып жүрмеңіз!
  • Былтыр бізбе бірге ораза ұстаған кейбір жандарға биылғы ораза нәсіп болмады. Ендеше, биылғы рамазан айының да кез келгеніміз үшін соңғы рамазан болуы ықтимал екенін әсте естен шығармайық!

Islam.kz порталының бас редакторы Қайрат Жолдыбайұлы

4 thoughts on “Рамазан акциясы

  1. Салеметсиздер ме?! Мени 1сурак мазалап жур?? Мен ораза устауга бекинген ем брак мен базарда жумис истеитин едим Енд бугин ораза айынын ен алгашкы куни Мен тан сариге тураалмай калдм Енд маган не истеуге болады . Ары карай аузымды беките берсем болады ма .ал алгашкы кунимди кеин отесем болама екен отинем сурагыма жауап бериниздерши

  2. Жанна,
    сәресіне тұра алмасаңыз, ешқандай нәр татпай оразаға ниет етіңіз де ұстай беріңіз.

  3. салеметіздер ме!
    Ораза қабыл болсын! Мен былтырғы оразаның қазасын өтемей осы жылы оразаны тұтып жатырмын. Осы дұрыс па?

  4. Құрметті Айгүл,
    Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін»[1], – дей отырып, Алла Тағала қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр.

    Сондықтан да, келесі рамазан айына дейін өтеу міндет емес. Десек те, оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастағаныңыз абзал[2]. Қазірден есептесек, Рамазан айының кіруіне бірнеше күн бар. Осы күндерді пайдаланып өткен жылдан қалған оразаңыздың қазасын өтеп алғаныңыз жөн. Ал Рамазанға дейін өтеп үлгермейтін болсаңыз, онда оны рамазаннан кейін де өтей аласыз.

    Кейбіреулер «өткен оразалардың қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге бола ма?» деген де сұрақ қойып жатады. Дінде бұған рұқсат жоқ. Қазаға ораза жеке ұсталады.

    [1] Бақара сүресі, 185-аят.
    [2] Бахрур Раиқ – 2/499-бет.

Leave a Reply