Құрметті мұсылман бауырлар!
Барша айлардың ұлығы,сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында шамасы келетін адамдарға һижреттің екінші жылында рамазан оразасы парыз етілген кезден пітір садақасын беру уәжіп саналады. Бұл туралы Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне каффарат болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі» -деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты-«Ораза тұтқан адамның оразасының сауабы пітір садақа бергенге дейін толық болмас»,-деді
Хазірет Осман (р.а). өз заманында ұмытып кетіп пітір садақасын бермеген-ді. Біраз уақыт өткен соң есіне түсіп, пітір садақасының каффараты үшін деп бір құлды азат етті. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «-Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де пітір садақасының сауабын таба алмайсың»,-деді.
Пітір садақасы өз уақытында, яғни, Рамазан айының ішінде немесе соңғы күні айт намазына дейін беріледі. Айт намазы оқылғаннан кейін берілген пітір жәй садақа болып есептеледі. Дінімізде пітір, зекет сияқты садақалар Алланың ризалығы үшінжасалатын ғибадаттың бір түрі саналады. Пітір садақасының сауабы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе,ол пендеге Алла тағала он жақсылық береді».
Бұған тоқталар болсақ, олар:
1. Тозақ отынан азат болар.
2. Барлық күнәларынан тазарар.
3. Тұтқан оразасы қабыл болар.
4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар.
5. Алла тағала ол кісінің осы жылғы істеген істерін қабыл етер.
6. Қиямет күні Пайғамбар (с.ғ.с) шапағат етер.
7. Сират көпірден найзағайдай жарқ етіп өтер.
8. Тұтқан оразасы қор болмас.
9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар.
10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.
Шын ниетімен пітір садақасын берген адамға Алла тағала осындай сауабы мол жақсылықтар береді. Олай болса,құрметті мұсылман бауырлар, Алла тағаланың сыйлаған дәулетін надандықпен кызғанып, сараңдыққа салынбай ахирет сауабы үшін пітір, зекет садақаларын уақытында беріп, дұға етіп, тілек тілеңіздер. Алла тағаланың рахметінен,Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағатынан мақұрым қалмаңыздар. Әмин!
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының 2000 жылдан бастап шыққан ПӘТУАЛАР жиынтығынан алынды.
Пітір садақа туралы үкім
Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!
Барлық мақтау Аллаһқа тән және Пайғамбарымыз (с.ғ.с), оның отбасына, сахабаларына Аллаһ Тағаланың рахымы болсын.
Аллаһ Тағала қасиетті Құран кәрімде «Әлде кім тазарса, ол кұтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды» (Бұл айт намазы). (Ағла сүресі, 14-15 аяттар). Кейбір тәфсірші ғалымдардың айтуы бойынша «Тазарса» деген сөз пітір садақаны берген адамды білдіреді. «Ол Раббының атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді. Ибн Хузимат Касир Абдулладан риуаят етеді, ол өз әкесінен естігенін айтады, ал ол өзінің атасы айтқан хадисті келтіреді:
«Расулулладан (с.ғ.с.) әлде кім тазарса, ол құтылды. Ол Раббының атын еске алып, намаз оқыды» – деген аяттың мағынасын сұрады. Бұған Расулулладан (с.ғ.с) бұл екі аятты Аллаһ Тағала пітір садақа туралы түсіргенін айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт мерекесінің алдында бір күн бұрын елге қүтпа оқып, пітір садақа берулеріне әмір еткен.
Абдураззақ Абд бин Сағлабаттан мына хадисті риуаят етеді: ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқа дейін бір немесе екі күн бұрын елге кұтпа оқитындығын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бидайдан 1 сағ (өлшем) беріңдер, құрмадан немесе арпадан сағ беріңдер. Әр адам үшін, қожайын немесе құл болып, кішкентай бала немесе үлкен адам болса да беріңдер».
Сондай-ақ Бухари мен Муслим Ибн Омардан риуаят етеді:
«Расулуллааһ(с.ғ.с.) бір сағ құрма немесе арпадан пітір садақа беруді бәріне міндеттеген. Ол барлығына: қожайын мен құлға, кіші мен үлкенге, ер мен әйелге пітір беруді міндеттеді».
Ораза тұңғыш рет мұсылмандарға парыз болған жылы Расулуллаһ (с.ғ.с.) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды. Жоғарыда айтылған сөздерге назар аударсақ, пітір садақаның мұсылмандар үшін уәжіп екендігін аңғарамыз. Сондықтан Әбу Ханифа (р.а.) мазхабында пітір садақаны беру уәжіп болып саналады. Кімде-кім бұған қарсы келсе ол күнәһар болады. Аллаһ Тағала пітір садақаны бізге, жоғарғы мақсаттарға жетуіміз үшін міндеттеген. Пітір садақа кедейге қажетін өтеу үшін беріледі. Сонымен қатар пітір садақа адамның ораза кезіндегі жіберген қателіктері мен кемшіліктерін толтыру үшін беріледі. Абу Дауд ибн Мажа және хаким ибн Аббастан (р.а.) риуаят етеді:
«Расулуллааһ (с.ғ.с) пітір садақаны: адамның оразасы сөзіндегі қателіктерінен тазаруы және міскіндерге тағам ретінде көмек болуы үшін міндеттеген». Кімде-кім пітір садақаны айт намазынан кейін берсе, онда ол жай садақа болып қалады.
Пітір садақаны тағамның төрт түрінен ғана беру – уәжіп. Олар – бидай, құрма, арпа және мейіз. Егер пітір бидаймен берілсе, онда жарты сағ беріледі. Егер құрма, арпа немесе бидай ұны берілсе онда толық бір сағ беріледі, мейізбен берілсе, онда сағтың жартысы беріледі. Әбу Ханифа мазхабы бойынша сағ Зкг 592 грамға тең, ал сағтың жартысы 1 кг 796 грамға тең. Пітір садақаға жай бидай бергеннен оның ұнын беру абзалырақ. Егер де ақшамен берілсе ол да одан да абзал болады, өйткені кедейдің қажеті ақшамен тез өтеледі.
Пітір садақа уәжіп (міндетті) болу үшін үш шарт болуы керек:
Мұсылман болуы керек.
Азат (бостандықта) болуы керек.
Өзінің қажетінен артык мүлкі болуы керек.
Пітір садақасы әрбір мұсылман ер және әйел үшін – уәжіп. Бұл жерде оның ақыл есі болуы немесе кәмелетке толуы шарт емес. Баласы немесе мәжнүн (акыл-есі кем) үшін, (камқоршысы) немесе әкесі беру керек. Егер уәли бермесе, онда ол күнәһар болады. Өзінің кішкентай баласы, құлы немесе кәмелетке толған (ересек) баласы үшін, егер ол ақылы ауысқан болса, егер ересек баласының ақыл есі дұрыс болып, ол кедей болса әкесіне ол үшін беру уәжіп емес. Бірақ ол садақа ретінде берсе, онда болады. Әйелі үшін ері беруі уәжіп емес. Егер сауап үшін бергісі келсе, әйелі рұқсат бермесе де беруге болады. Әбу Дауд және Тирмизи Әли ибн Әбу Талибтан (р.а.) риуаят етеді:
«Аббас (р.а.) Пайғамбардан (с.ғ.с) пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған рұқсат еткен». Егер де бір кісі пітір садақасын Рамазан айы өткеннен кейін берсе, ол оның мойнынан өмірінің соңына дейін түспейді. Пі-тір садақаны уақтылы бермегені үшін ол оның мойнында өмірінің соңына дейін қарыз болып қалады. Себепсіз айт намазына дейін пітірді бермесе күнә болады, өйткені ол егер ол уақытта беріп үлгермесе, онда мүмкіндік туған кезде берген жөн мұқтаж болғандардың кажетін өтемеген болады.
Пітір садақаны рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Бірақ бұл уақыттан бұрын немесе кейін беруге рұқсат етіледі.
Пітірді айт күні айт намазына дейін беру -мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис-шарифінде: «Оларды (яғни кедейлерді) айт күні қайыр сұрамас үшін байытыңдар».
Пітір садақаны бір міскінге беру уәжіп, екі немесе одан артық адамға бөліп беруге болмайды. Жамағатқа өз пітір садақасын бір кісіге беруге рұксат. Пітір садақаны өз қалаңнан басқа қалаға апарып беруге болмайды, бірақ егер өз қалаңда міскіндер тойған болса, онда басқа қалаға барып пітір беруге рұксат етіледі. Басқа жерде кедей туысқаның болса да беруге болады. Аллаһ Тағала Құранда айтады:
«Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Аллаһ тарапынан бір парыз. Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге. Оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Аллаһ жолына және жолда қалғандарға беріледі. Аллаһ әр нәрсені білуші, хикмет иесі». (Тәубе сүресі, 60-аят)
Пітір садақаны жоғарыдағы аятта айтылған адамдарға беру керек. Өзіңді асырап отырған әке-шешеңе пітір беруге болмайды.
Ескерту: Пітір садақаны бидаймен беретін болсаңыз, әр адам үшін жарты сағ беру керек. Жарты сағ – 1 кг. 796 грамға тең. Ақшамен есептегенде (шамамен әр облыстағы бидайдың сатылу бағасына карай) 1 кг 796 грамның құнын беру керек. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша пітір садақа адам басына 70 теңге.
Садақаны кімге беру керектігі жоғарыда айтылды. Бұрынғы уақытта мешітке үкімет тарапынан бәйтул малдан қаражат бөлінетін, бірақ қазіргі кезде үкіметтің мешітке қаржы бөлмейтіндігін, мешіттердің тек қана халыктың көмегімен жұмыс атқарып жатқандығын есепке ала отырып, мешітке садақа берсеніздер үлкен сауап болатындығын айта кеткіміз келеді. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай деген:
«Аллаһтың бірлігіне және қиямет күніне сеніп Аллаһтың мешітін гүлдендіруге үлес қосқандарға шексіз сауап болады».
Құрметті мұсылман бауырлар!
Аллаһ ризалығы үшін жасаған амалдарыңыз, берген садақаларыңыз, жасаған дұғаларыңыз қабыл болсын және де Сіздердің барлық игі істеріңізге бір Аллаһ жар болсын. Әмин!
«ӘЛІ БЕКЕН» мешітінің найб имамы Әбдімүтәліп Сәттібайұлы
Ассаламу алейкум!
Сонда пітір садақа мешітке берген абазал ғой. Ал кей жерлерде мектепте жағдайы төмен оқушыларға беру керек деп жур. Қайсы дурыс?
уағалейкум ассалам, konrat!
Қызығушылық білдіргеніңізге рахмет. Жазбаның мақсаты ақпарат беру еді. Десе де сауалыңызды білетін кісіге жолдадым. Көп кешікпей жауап берер деген үміттемін. Абзалы, сұрақтардың жауабын мешіт имамдарынан сұраған жақсы. 🙂
Қоңрат, бауырым!
Асхат айтқандай, ораза сайты оқырмандарға діни мәлімет беру үшін ғана ашылған сайт болып табылады. Біреудің шешілмей жүрген мәселесін шешумен немесе оразаға қатысты ресми пәтуа берумен айналыспайды және оны өз міндетіне алмаған.
Дұрысына келсек, “пітір” деп отырғанымыз – садақа емес, зекет ретінде жүреді. Садақа – өз қалауыңыз білетін қайырымдылық болса, зекет – міндетті түрдегі қайырымдылық. Себебі, ол шариғи термин ретінде “зәкәтул-фитр” деп айтылады.
Енді, оны кімге беруіміз қажет? Әрине, мұқтаждарға. Өзіңіз жеке адамдарға берсеңіз болады, немесе жоғарыда өзіңіз айтқандай мешіт қызметкерлеріне жинап берсеңіз болады. Мешіт қызметкерлерінде қала не ауыл бойынша кембағалардың тізімі бар, сол тізім арқылы олар сіздің «пітір зекетіңізді» тиісті кісілерге бөліп береді. Ал егер өзіңіз діттеп жүрген пақырлар болса, онда мешітке бермей-ақ, зекетіңізді оларға өз қолыңызбен жеткізіп беруіңізде тұрған еш айып жоқ.
Мәселе болса – жазыңыз, өзара бірігіп талқылайық.
Рахмет ! Алла разы болсын сіздерден”
Ассаламу алейкум konrat бауырым!
Әрине жағдайы төмен отбасына берген де дұрыс шығар, бірақ мешітке бергеніңіз абзалрақ. Себебі бұрынғы уақытта мешітке үкімет тарапынан бәйтул малдан қаражат бөлінетін, бірақ қазіргі кезде үкіметтің мешітке қаржы бөлмейтіндігін, мешіттердің тек қана халыктың көмегімен жұмыс атқарып жатқандығын есепке ала отырып, мешітке садақа берсеніздер үлкен сауап болатындығын айта кеткіміз келеді. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай деген:
«Аллаһтың бірлігіне және қиямет күніне сеніп Аллаһтың мешітін гүлдендіруге үлес қосқандарға шексіз сауап болады».
Әбдімүтәліп, мешітке берілетін нәрсе өзіңіз айтқандай САДАҚА болу керек шығар. ЗЕКЕТ емес. Сосын білуімше Қазақстандағы мешіттердің жағдайы жаман емес.
Кәрімнің жауабымен толық келісемін.
Ассаламу алейкум, aynur!
Бір жерге жинап, (мешітке) сосын кембағалдарға біркелкі бөліп берген жөн шығар. Болмаса қазір бір көңілі қалаған кембағалға беріп, екінші бір кембағалға үлес тимей жатады. Кембағалдардың тізімі мешітте бар, себебі кембағалдарға пітір садақасынан да болек мешіттеріміз көмек беріп жатады. Анығын Аллаһ біледі.
Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Алла ниеттеріңізді қабыл етсін. Қайда және қалай берсеңіздер де ең бастысы бұған рия қосылмағаны дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе берген садақаларыңыздың мәні болмай қалады. Кімде-кім бір 20 дирхемді Алла ризалығы үшін деп берейін деп жатқанда, оның 19-на рия қосылса оның 1-уі ғана қабыл болмақ. Рия/показуха/ шайтанның үлкен қаруларының бірі.Сахабалар риядан қорыққаны соншалық олар берген садақасын ешбір жан білмеген.Соған дәлел ретінде Омар /р.а./ кедей әжеге күн сайын түнде 1қап ұн тастап кетеді екен.Оны ешкім білмеген, тек ол өлген соң оны жуып жатқанда оның арқасындағы қаптың ізінен білген.Біз де содан үлгі алайық! Иншаллах берген садақамыз қабыл болғай!
Ассаламалейкум !!!!!!!!!!
Осы мен сізден сұрайын деп едім. Неге оразаның кестесі әр түрлі?
Маған Маңғыстаудің кестесін жіберіңізші, өтінем. Рахмет сізге .
Мына адрестен ала аласыз. https://oraza.info/wp-content/uploads/2009/08/aqtau.jpg
Ассалаумағалейкум!!! Пітірді барлық жанұя мүшелері үшін үйден бір адамның беруіне бола ма және белгіленген көлемнен артығырақ беруге бола ма?