Ауызашар

Көптен бері кездеспеген досымен ойда-жоқта базарда ұшырасты. Қасына әйелін ерткен Ғалымжан саудагерден құрма сатып алып тұр екен. Қолында аузы мұрнынан шыға тыңқиған екі сөмкесі бар. Асанды көргенде сәл аңтарылып қалды да, лезде қуанып ол да құшағын жайып амандаса кетті. Үшеуі қал-жағдай сұрасып қауқылдасып қалды.
– Иә, қайдан сөмкелеріңді арқалап?
– Оразаға дайындық қой, қонақтарды ауызашарға шақырсақ па деп едік..
– А-а, ауыз бекіткен екенсіңдер ғой.
– Иә, өзің ше?
– Шынымды айтсам, сол менің ойыма да келмепті. Оның үстіне жұмысбастылық дегендей.
– Е-е, мен де басында жұмысыма кедергі келтірер деп қорқақтап едім, сөйтсем оным бекер екен. Жарайды, былай істейік, кездеспегелі көп болды. Жол үсті әңгімелесіп тұрғанымыз жараспас. Сен одан да кешкісін үйге ауызашарға кел. Қонағым бол.

Бірақ Асан дереу тартынды:
– Мен қайтіп барам? Өзім ораза ұстамай, ораза ұстағандардың тамағын қалай жеймін. Қой, басқа уақытта барайын.
– Жоқ,-деп оған Ғалымжан көнер болмады,-қайткенде де келесің, қонағым боласың. Екеуміз күнде кездесе бермейміз,-деп тұрып алды.

Асан амалсыз баратын болып келісті. Бірақ іштей өзін жайсыз сезініп әлек. Қап, ыңғайсыз болмас па екен. Жоқ, үйден тамақтанып барып, ол жерде асқа қол созбай жай ғана отырғаным жөн бе? Бірақ оған досы көне қоя ма? Бірге оқыған, бірге әскерде болған досының мінезі өзіне сыралғы. Шаңырағына бас сұққан адамды қайткенде де көңіліндегідей күтпей жібермейді. Намазға жығылғалы баяғы сырамен сыйлайтын әдетін дереу тастаған. Қап, ойда-жоқта досының үйіне ауызашарға баратыны қызық болды бәрінен.

Әне-міне дегенше кеш те таяп, Асан өзіне таныс үйге беттеді. Бірақ әлі де көңілі қобалжулы. Бұрын-соңды ауызашарға барып көрмегендіктен ол жердегі отырысты біртүрлі елестете алар емес.

Сыртқы есік ашық тұр. Босағадағы әртүрлі аяқкиімдер келген қонақтардыкі екенін аңғартуда. Есіктен басын сұғар-сұқпас досы бұны ақжарқын пейілмен қуана қарсы алды. Сырт киімін іліп, дереу төргі бөлмеге бастады. Іште төрге қарай созылған кең дастархан көздің жауын алатын не түрлі дәмге толып тұр. Қонақтармен қол алысып амандасып, өзіне көрсетілген орынға отырды. Таныстық басталғанда ең әуелі таңғалғаны келген қонақтардың түрлі мамандық иелері екендігі болды. Бәрі де жұмыстағы кісілер. Төрде отырған жасы үлкен кісі сотта істейтіндігін айтты. Әйелі дәрігер екен. Ал бергі екеуі банкта істейтіндіктерін айтты. Мұғалім, журналист, әкімдікте істейтін қызметкерлер де отырды. Әңгіме ораза жайында өрбіді. Жасы үлкен кісі әңгімесін:- Қазақ «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол» дейді, өз басым ораза ұстай бастағаныма 3-4-ақ жылдың жүзі болды,- деп бастады. – Апам марқұм менің бала күнімде жазда ораза ұстағаны есімде. Күн ұзақ. Уақыт өте қоймайды. Ораза ұстағанымды ешкімге айтушы болмаңдар деп қоятын. Біз ол кезде ойын баласы болғандықтан ештеңенің байыбына бармаппыз. Кейін білдік, сол кездерде барынша жасырып ораза ұстаған екен ғой жарықтық. Сол кездегі Құдайсыздардың қысымына, күннің ұзақтығына, кәрілігіне қарамастан қысы-жазы оразасын үзбеген сол кісілердің иманы мен шыдамдылығы не деген мықты болған десейші. Біз тек енді-енді ғана бет бұрдық. Қайбір жылы жаңа жыл мен ораза қатар келіп, қылмыс атаулының сол жолы күрт азайғаны есімде.

Оның сөзін әйелі іліп әкетті:- Мен отағасына ораза ұстаңыз деп айтып келе жатқалы қашан. Оразаның қасиетін енді-енді ғана өзі сезіп келеді. Көненің білгірлері дәрі ішкенше екі-үш күн ашыққанды жөн көреді екен. Советтік кезде «Ораза, намаз – тоқтықта» деп ысырып сөйлеп мән бермей келдік қой, негізі ораза ұстау үшін тоқ болу міндетті емес. Өмір бойы қара су мен қара құрманы талғажу етіп жұпыны өмір сүрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тоқтықтан ораза ұстады ғой дейсіз бе?! Қайта аурудың көбі асқазанға дамыл бермеуден, тоқтықтан, дұрыс тамақтанбаудан туады. Мәселен, ислам дініндегі тамақтану әдебі қандай керемет! «Ашықпай тұрып дастарханға отырма, аса тойынбастан түрегел», «Тамақтанғанда асқазанды үшке бөліңіздер: ауаға, суға, асқа», «Тамақты сәл суытып, ал суды отырып ішіңіздер» деген Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хадистері мәдениеттілікпен қоса денсаулық тұрғысынан да өте пайдалы. Пайғамбарымыздың кезінде сырттан Мәдинаға келген бір дәрігер ел ішінен емдерге ауру адам таппай дал болыпты. Сөйтсе сахабаларымыз тамақтанғанда, осы жайттарды берік ұстанады екен. Қазіргі медицина да расымен осыны айтуда.

Әңгіменің желісімен мұғалім кісі қажылыққа барғанда құрма жайлы естіген біраз қызықты мәліметтерін айтты. «Жаңа сіз айтып өткен бұл құрманы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жақсы көрген. Құрма өзі бірнеше түрге бөлінеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әсіресе «барни» деген ең сапалысын ұнатып, сахабаларын құрма, зәйтүн секілді жеміс ағаштарын егуге, баптап, күтуге шақырған. Осы құрма секілді жемістерді сол кезде адамдар бір-біріне сыйлыққа да жібереді екен. Айша анамыз әркез Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бал шәрбәті мен құрма шырынын жасап берген. Кеудесі яки жүрегі ауырған сахабасын Тайыфтағы дәрігерге жолдап тұрып Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уәсәллам) «Мәдинадағы «Ажуа» құрмасының жетеуін дәнімен қоса езіп, кеудеңе жақсын, шипасы мол, ол бұны жақсы біледі» деп құрманың емдік қасиетін түсіндірген. Өзі жас құрмамен не сумен ауыз ашқан. Жаңа туылған сәбилердің таңдайына осы құрмадан жағып, дұға жасаған екен. «Кешкі асты тастамаңдар, ештеңе таппасаңдар, тым болмаса бір уыс құрма жеңдер» деп, құрманың тойымдылық қасиетіне де көңіл аудартқан. Құрма ағашы үнемі жасыл түсін сақтап, жемісі, жапырағы, бұтағымен қоса барлық нәрсесі кәдеге асатын болғандықтан, оның берекетін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мүминнің берекетіне ұқсатып, мұсылман адам да осы құрма тәрізді маңайына өте пайдалы десе керек».

Одан кейінгі әңгімелерде халықтың ұлттық негізге оралуы, рухани тазалық, имандылық, ата-баба дініне құрмет, ауызашар берудің ел ішінде игі дәстүрге айналып келе жатқаны, тағы біраз оң бетбұрыстар сөз етілді.

Асан тек құлақ салып тыңдаумен болды. Айтылғандардың барлығы да жанға жағымды, көкейге қонымды-ақ. Мынандай мәнді отырысқа келгеніне іштей қуанды, бұндай жайттарға өзінің бұрын-соңды қалай мән бермей келгеніне таңғалды. Оған отырғандардың уақыт кіргенін күтіп, бір мезгілде дұға оқып құрмамен ауыз ашуы, әр тағамды жаңа қолға алғандай аса бір тәбетпен жеуі, үлкен-кіші демей, лауазымына да қарамастан бір-біріне ізет білдіруі, дастархан үстіндегі дәмді ас пен қатар айтылған тұшымды әңгімелер, үй иелерінің ілтипат-ықыласы, қонақтарын шығарып салып қайта-қайта қимай қоштасқаны – бәрі де ерекше әсер етті. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттыратындай. Ораза дастархандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтыратындай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлайтындай!

Кетерде мешітте таратылды деп Ғалымжан берген ораза жайлы шағын кітапшаны үйіне жетіп оқығанша асықты. Үйге келісімен ең әуелгі ісі бас алмай жаңағы кітапшаны оқып шығу болды. Оразаның денсаулыққа пайдасы өз алдына, оның Құдай сүйген теңдессіз құлшылық екеніне, сауабының молдығы жайлы көптеген мәліметтерге қанықты. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін көңіліне тоқыған сайын қасиетті Рамазан айының бастапқы күндерін өткізіп алғанына іштей өкінгендей болды, бірақ оразаның қалған сауабынан құр қалғысы келмеді.

Жатарда «Иә, Аллам, ертең ораза ұстасам деген ниетімді қабыл ала гөр!» деп күбірлеген күйі ұялы телефонының сағатын мұқият түрде сәресі уақытына қойды…

«Рамазан – нұр шашқан ай!» кітапшасы
«Көкжиек» баспасы

25 thoughts on “Ауызашар

  1. Аузы берік кезде пастамен тіс жууға болады ма?

  2. Құрметті Дархан,
    ораза кезінде тісті ауыз бекітердің алдында тазалап алғаныңыз абзал. Өйткені тіс тазалап жатқан уақытта тамағыңызға тіс пастасы кетіп қалуы мүмкін.
    Төмендегі мақаланың 6-шы пунктін қараңыз:
    https://oraza.info/159-%D0%BE%D1%80%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D0%BD%D1%8B-%D0%B1%D2%B1%D0%B7%D0%B1%D0%B0%D0%B9%D1%82%D1%8B%D0%BD-%D0%B6%D0%B0%D2%93%D0%B4%D0%B0%D0%B9%D0%BB%D0%B0%D1%80

  3. Ауызға одеколон сияқты себетін яғни пслдакпен ауызга бир рет себуге болатын шыгар!

  4. Дархан,
    ауыз бекіткен соң ауызға ешбір иіс, ішетін, жейтін секілді нәрселер кірмеу керек, яғни ондай нәрселердің ауызға кіруінен аулақ болған дұрыс. Cебебі “оразаны сырттан кірген нәрсе, ал дәретті іштен шыққан нәрсе бұзады” деген қағида бар.
    Ал егерде иіс шығады деген оймен сепкіңіз келсе, онда дінімізде “мисуак” деген тіс тазалағыш шетканың ролін атқаратын нәрсе бар. соны қолдансаңыз болады.
    мисуак туралы мына жерден оқысаңыз болады: http://www.umma.ru/fetva/598/

  5. Мен биылғы жылы бірінші рет ораза ұстағалы жатырмын…менің бір ұрағыма жауап берсеңіз…мен түрлі сайттардан ауызды шаюға, беттті де сумен әдейі жумау керектігін айтады…сұрағым: сонда қкасиетті Рамадан айында мүлде жуынуға болмай ма?

  6. Құрметті Мадина,

    Рамазан айында бетті де жууға, ауызды да шаюға, жуынуға да болады. Бір ғана шарт бар, су тамағыңызға кетпесе болды.

    Толық мәлімет үшін мына тақырыптарды қараңыз:
    https://oraza.info/159-%D0%BE%D1%80%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D0%BD%D1%8B-%D0%B1%D2%B1%D0%B7%D0%B1%D0%B0%D0%B9%D1%82%D1%8B%D0%BD-%D0%B6%D0%B0%D2%93%D0%B4%D0%B0%D0%B9%D0%BB%D0%B0%D1%80 (8-ші пункт)

    https://oraza.info/142-%D0%B0%D1%83%D0%B7%D1%8B-%D0%B1%D0%B5%D1%80%D1%96%D0%BA-%D0%BA%D1%96%D1%81%D1%96%D0%B3%D0%B5-%D0%BC%D3%99%D0%BA%D1%80%D2%AF%D2%BB-%D0%B6%D3%99%D0%BD%D0%B5-%D0%BC%D3%99%D0%BA%D1%80%D2%AF%D2%BB-%D0%B5 (7-ші пункт)

    Аллаһ ниетіңізді қабыл етсін

  7. Сізге үлкен рахмет!!!!!!!!!!! Мен бұл жөнінде оқысам да, толықтай жуынуға болатынына күмәнім бар еді…сондықтан күмәнданбау үшін сұраған едім! Алланың нұры жаусын!!!

  8. Сәлеметсіздерме!
    Сұрағым: Ораза кезінде қыз балаға тырнақ өсіруге бола ма?

  9. Сәлеметсізбе Анар,
    тырнақ алу – Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті,
    сондықтан қай кезде болмасын, тырнақты уақытылы алып жүрген дұрыс.
    Тазалық жағынан алып қарасаңыз да өзіңізге жақсы.

  10. Cәлетсіздерме!!!
    Сұрағым: Ораза ұстап жүргендіктен намазды оқу міндетті ме? Мен намаз оқу білмеймін. Үйдегілер намаз оқу білмесен оразаны неге ұстайсын дейді. Осыған жауап берсеңіздер деймін.

  11. Әр ғибадаттың өз сауабы бар. Әрине намаз оқып ораза ұстаған жақсы. Бірақ намаз білмесеңіз де ораза ұстай беріңіз. Қайта ораза ұстап жүріп намаз оқуды үйренсеңіз, өте жеңіл болады.

  12. ассалаумагалейкумдер, ауыз бекітіп жүріп катты шолдегенде ауызды сумен шайуға болама?

  13. Сәлеметсізбе, сонда таң сәресін таң намазына дейін ішіп алу керекпе?

  14. Ассалаумағалейкум!

    Нушон, сәлеметсің бе?! Сәресіні таң намазына 10 минут қалғанға дейін ішіп үлгеру керек.

    Жалғас, тамағыңыздан су өтіп кетпейтіндей етіп шайсаңыз болады. Мұсылмандар ораза кезінде де намаз оқыр алдында ауызға, мұрынға су алып, дәрет алатынын ұмытпайық.

  15. Сәлеметсіздер ме! Ораза қабыл болсын! Менің сізге бір өтінішім бар! Мүмкіндігіңіз болса, жазып беріңізші! Таңертең сәресіне қандай дұға оқу керек?

  16. Сәлеметсіздерме!! менің сіздерге қоятын сұрағым бар еді. мен қазір ауырып жүр едім.маған 10 күнге тамырға укол салуға және түрлі дәрілер жазып берді.а ол 10 күн өткенше Ораза басталып қояды.кейін қарыз қылып қайтаруға болады ма???

  17. Сәлеметсің бе, Дана! Егер денсаулығыңа байланысты белгілі бір күндері ұстай алмаған болсаңыз, кейін, өзіңіз айтқандай, қарыз қылып қайтарсыз. Ниетіңіз қабыл болсын!

  18. Сәлеметсізбе! Мен 11 және 12 тамыз күндері білмегеннен аузымды 5:50-лерде бекіттім, енді оны қалай жөндей аламын? Кедейлерге ас берейін бе, әлде екі күн қосып алаып оразамды ұстайын ба?

  19. Ассалаумағалейкум! Менің аяғым ауыр еді. бір жерде ораза ұстауға болады, ал кейбір жерде болмайды деп жазылған. Нақты жауабын берсеңіздер деймін. Ал бала емізетін аналарға ше?

  20. Ассалаумағалейкум! Менің аяғым ауыр еді. бір жерде ораза ұстауға болады, ал кейбір жерде болмайды деп жазылған. Нақты жауабын берсеңіздер деймін.

  21. Айгүль. Ораза шарттарының бірі ораза ұстауға күші жету, олай болса аяғы ауыр не емізулі баласы болғандарға ораза ұстау парыз емес. Ал ұстап жатса оразасы дұрыс. Ұстамаса қазасын кейін өтейді.

Comments are closed.