Құрметті бауырлар, қадірлі жамағат!
Қадір түніне баршамызды аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақтар болсын!
«Қадір» сөзі араб тілінен аударғанда «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Бұл – Құран түскен түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде:«Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған.
Түндердің төресі, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір кеші – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн.
Жаратушы Иеміз бұл түні шынайы намаз оқып, Өзіне жалбарына дұға жасаған пенденің барлық қайырлы амалдарын қабыл етеді. Өткен қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкініп, Жаратқаннан кешірілуін тілеген адамның тілегі де қабыл болмақ. Сондықтан осы кеште көбірек дұға жасаған абзал.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем, қандай дұға жасайын?» – деп сұрайды. Сонда екі дүние сәруары: «Уа, Алла! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!», – деп дұға жасауды өсиет еткен.
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», – деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген.
Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді, әрбір қайырлы амалдарымызды Қадір түнінің құрметі үшін қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бірлігіміз бен берекеміз артып, Жаратушы Иеміз әрқашан халқымызға жар болғай! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қосымша ақпарат: