Қадыр түні есік қағып тұр

Он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айы аяқталар күн таяды. Енді, міне, бүкіл мұсылман қауымы қасиет тұтатын Қадір түні де келіп тұр. Жамбылдық жамағат осы айтулы сәтке әзірлік үстінде. Олар Қадір түні бойға рух, санаға нұр құятын ерекше түн екеніне сенеді. Тараздықтар бұл кезде күн батысымен мешітке жиналып, уағыз тыңдамақ.

Ораза – күнәләрға қарсы қалқан, жұмаққа жетелейтін желкен. Күнәға апарар қандай да іске тосқауыл болатын ғибадат. Оның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы көптеген хадис шаріптерде айтылған.

Данияр Жұмабаев, Жамбыл облысының бас имамы

Адамдар осы айда рухани тазарады, осы айда шын мәнінде Аллаһтан үміт қылған, Аллаһқа құлшылығы бар әрбір мұсылман иісі бұл айда рухани бай болады. Өйткені, адам ашыққан кезде, жаны қиналған кезде Құдайға бір табан жақындай түседі. Адам тоқшылығында емес, ашшыққанда ақиқатты түсінеді деген.

Рамазанда жамбылдық жамағат жақсы істің куәсі болды. Ораза қарсаңында жаңарған орталық мешіт ел игілігіне берілді. Жергілікті билік пен кәсіпкерлер келелі істің қисынын тауып, Һибаттулла мешітіне күрделі жөндеу жасатқызды. Жамбылдық жамағат қадір түнін жаңа мешітте өткізетін болады.

Ғалымбек Жапек, мешіттің наиб имамы

Қадір түні Алла тағала Құран кәрімде айтылғандай мың күннен артық деген. Қадір түнінің артық болуының өзі – 1 адамның өмірі. Қазіргі есеппен есептегенде мың ай 83 жыл төрт айға тура келеді екен. Демек, осы айдағы кешірім, осы айдағы жақсылық , осы айдағы садақа, ізгі іс шаралар осының барлығы Алла тағала басқа үмбеттерге берілмеген сыйлығы деп қабылдауымыз керек.

Олжас Сабырхан, Тараз қаласының тұрғыны

Қадір түнінің мақсаты – жеке айтар болсам, үйде отырып, көзімді ілмей, сол түнді өткізіп шығу емес. Елмен бірге мешітке барып, уағыз тыңдап, діни білімімді одан ары шыңдап, дұға тілеп, кешірім сұрауда.

Ораза – сабырдың, сабыр болса, иманның жартысы. Ол тек ішіп жеуден тыйылу емес, бойыңды бейәдептен арылту айы. Ораза тұтқан жамағат имани осынау қасиеттерін сезіне отырып, оған бел буатыны белгілі. Ендеше ораза қабыл болсын!.

Нұржан Мергенбай
«Қазақстан» телеарнасы
P.S. Қадір түні 2011 жылғы тамыздың 26-нан 27-не қараған түн (жұмадан сенбіге)