Ректор ағай да… бәрі ақша беріп еді…

20 Шілде, 2009 2 пікір

“5 сауал” айдарының сұрақтарына бұл жолы белгілі аудармашы, блогшы Нұрғиса Асылбеков жауап беруде.

1. Өміріңдегі ең алғашқы Оразаны есіңе алғанда есіңе бірінші кезекте не түседі? Неге?

Ол кездері он екі-он үш жасар лицей шәкірті едік. Шынын айтсам, дінтанудағы алғаш ілім нәрін тату да сол мезеттерге дөп түсетін тәрізді. Оразаның тұңғыштары да сол жылдар еді ғой. Оқу орнында жатып оқимыз, ол жердегі аспаз апайлар тағы төрттен бастап балдырған шәкірттерге сәресіге ыстық тамақ дайындап, біраз сауап та жинаған шығар. Үйде болатын қызығырағы. Апта соңы үйге барамыз, сонда әкем мен шешем таңертеңгісін бірге тұрып, өздері енді аузы берік болмаса да, дастархандас болып, дәмтұздасамыз. Әкем алдыма желінетіннің түр-түрін қойып, же де жеумен болатын, қарның ашып қалады деп. Ол енді қамқорлықтың белгісі ғой. Жылдар санап жалпы Ислами тағылым мен зердеміз кеңейіп, оның ішінде Ораза хақында білгеніміз толыға түскен сияқты.

2. Егер ертең Оразаның алғашқы күні болатын болса, бүгін не істер едің?

Рамазан басталардың алдынғы күні үнемі іштей сарыла күтумен өтеді. Ораза дәнекерлігімен нәсіп болатын ризықтар мен оның мың айдан қайырлы болар әзиз тұстарын бір саралап өткенде әрине толқиды адам. Иманы кәміл, амалы адал мүмин адамға әмәнда оң ой мен ниетке арқа сүйеу шарт болса, дәл осы Ораза кезінде бүкіл айнала бір сәт те болса ерекше жылылыққа бой алдыратын тәрізді. Білмеймін, қалыптасқан дағды бойынша Ораза алдын міндетті түрде қораптағы құрманың біразын алып қояды екенмін. Дәстүр деуге де келетіндей. Былай, басқалай арнаулы әрекеттерімді байқай қоймаппын… Күту сол, сүйкімі мол, қайыры мол ырзықты айды күту..

3. Оразаны ұстау барысында басыңнан өткен қандай да бір қызықты оқиғамен бөліссең?

Екімыңыншы жылдың о жақ бер жағы. Университет студентіміз. Ректорат ауызашар берді. Университет асханасында (тарих факультетінде орналасқан). Мұғалімдер ұжымы, декандар мен ректорат дастарханды жайнатып тастаған… Ыстық тамақ ішіліп болғасын, Өнер факультетіндегі екі жігіт «Жарамазан» айтайық деді. Ол екеуінің қолында баян мен гитара, менде домбыра… Үшеулетіп тұрып бір әдемі жарамазан айтып ек. Жарамазаннан кейін айтушылар бата береді, бата беріліп болғасын қарсы тарап бір байғазысын сыйлайтын дәстүр бар. Мұғалімі бар, басқасы бар… тіпті Ректор ағай да… бәрі ақша беріп еді… Қатты ыңғайсыздандық, біз сол күнгі картинаны толықтырғымыз ғана кеп еді.. Нәтижесінде, әлгіндей жағдай орын ап қалды… Сосын тағы бір жағдай боп еді, тоқсаныншы жылдардың орта тұстарында. Қалада тұрамыз, ал қалада Ораза уақтындағы атмосфера жеке дараланып, оқшауланатындай атрибуты жоқ… Үйге қонақтап жездем келген, екеуміз екі домбыра ап (қыс уағы еді), іптәр уақытынан кейін қазақ шаңырақтарды аралап жарамазан айттық. Сонда, бір подъезде айтып жатырмыз, айтып болғасын батамызды беріп, кетуге оңтайлана бергенімізде жоғарғы қабаттағы бір пәтерден бізді шақырған дауысты естідік. Сонда шықтық. Елулерге тақап қалған ана екен. Ол кісінің қуанышқа толы жүзін көру керек еді.. Сол кісі ризашылығын білдіріп бізге су жаңа топли ұсынды. Баласына алған екен, оған тар кеп қапты…

4. Ең жақын досың Ораза ұстағысы келмей сылтау айтып жүрген болса, яки теріс жолға түсіп бара жатса, қандай шара қолданасың?

Бұндайда нысаналы түрде оны «күштеп жығуға» болмас дегенді ұстанамын. Ақыл-ойы толысқан адам бәлиғат жасына кіргесін оң-солын таныр, бертін келе жүрегіне иманы ұялап, парызды амалдарға мойынсұнар. Ал енді теріс жолға түсуге шақ тұрған замандастарды көргенде оларға айқын түрде ол таңдаудың ізгі еместігін, жақсылыққа әкеп соқтырмасын және хақ жолдан ада қалудың мысалы екенін айтып жеткізу керек. Жалпы, кейде көз таныс адамдарыңның сыртқы әлеміне білдіртпей, жасырынды түрде адастырар жолдарға еліктеп кеткенін кейіннен біліп қынжылатын сәттерде дер кезінде оң ықпал ете алмағаның үшін қатты өкінесің. Сондай өкініштер өзекті өртемесін десек, лайым айналамызға жақсылық дәнін себе беруге бірер дәнекер боп жатсақ қане…

5. Оразаға орай Сені ауызашарға шақырсақ, соңынан бата тілесек, қандай бата берер едің?

Енді, әзірге бата берердей абыз жаста не ел ағасы бола қойған жоқпыз. Ал енді үзеңгілестер боп отыра қалсақ:

Ал, жамағат, қолың жай,
Бата бердім мінеки.
Ырыс толсын қамбаңа,
Ырзық қонсын арбаңа.
Ниеттің пәгінен бер,
Аз емес, бәріне бер.
Ортамыз аққа толсын,
Патшамыз тақта болсын.
Ісіміз әділ болсын
Ниетіміз қабыл болсын!

дер едім.

Санат: 5 сауал

2 пікір

  1. Алмас says:

    Рахмет, Нұреке! Жақсы сұхбат екен, жарапазан оқиғалары да тартымды, әсіресе топли туралы тәмсіл…