Ораза кәффараты

Қателесіп, әдейі немесе біреудің қинауы арқылы жасалған кейбір күнәлардың кешірілуі үшін Исламда өтеу жолдарының әрбіріне «кәффарат» делінеді. Бұл – әрі ғибадат, әрі осы дүниелік жаза. Фиқһта бес түрлі кәффарат бар:

1. Ораза кәффараты

Кімде-кім Рамазанда әдейі ешқандай себепсіз оразасын бұзса, оған кәффарат ретінде бір құлды немесе күңді азат етуі, егер оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан ораза ұстауы, егер бұған да күші жетпесе, алпыс жоқ-жітікті тамақтандыруы тиіс. Құранда бұл жайлы былай делінеді: «Бастаған ізгі істеріңді бұзбаңдар» (Мұхаммед, 47/33). Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім Рамазанда оразасын бұзса, оған зиһар жасаған адамға тиісті (кәффарат) жүктеледі». Бірақ Рамазан оразасынан тыс оразаларға тек қана қаза керек.

2. Қателесіп мұсылманды өлтірудің кәффараты

Қателесіп бір мұсылманды өлтірген адамға «диәт» (құн) өтеу – уәжіп. Мұнымен қоса оған кәффарат өтеу тиіс. Ол – бір құлды азат ету, оған шамасы жетпесе, екі ай бойы үзбей ораза ұстау. Құранда «Мұсылманға мұсылманды өлтіру – жараспайтын іс-әрекет. Бірақ қателесіп өлтірсе, бір мұсылман құлды азат етуі әрі өлген адамның иесіне құнын төлеуі тиіс» (Ниса, 4/92) делінеді.

3. Зиһар кәффараты

Зиһар – Исламнан бұрынғы дәуірде араб әлемінде әйелдерді талақ етудің бір жолы болатын. Күйеуі әйелін талақ еткісі келсе оған: «Сен маған анамның арқасы секілдісің» немесе «Сен маған анамдайсың» дейтін. Пайғамбарымыздың (с.а.у) заманында да бір сахаба әйеліне ашумен осылай айтады. Кейіннен Пайғамбарымызға (с.а.у) мән-жайды түсіндіріп, өзінің кәрі әрі бала-шағасына қарайтын шамасы жоқ екенін баян етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у) сол кезде бұл істің үкімін сұрап, Аллаһқа дұға еткенде, мына аят түседі: «Расында, Аллаһ ері жайында Аллаһқа шағым айтып, сенімен таласқан әйелдің сөзін естіді. Аллаһ екеуінің сөйлескендерін де естиді. Аллаһ – толық естуші және толық көруші. Ей, иман еткендер! Сендерден жұбайларын зиһар еткендердің әйелдері аналары емес. Олардың аналары өздерін тапқандар ғана. Сөзсіз олар теріс әрі жалған сөз сөйлейді. Шынында, Аллаһ – аса кешірімді әрі рақымды. Жұбайларын зиһар еткендер, сосын айтқан сөздерінен қайтса, әйеліне қосылудан бұрын бір құл азат етуі керек. Міне, сендерге осы нұсқау берілді. Аллаһ не істегендеріңді толық біледі. Егер құл таба алмаса, екеуі қосылудан бұрын тұтас екі ай ораза ұстасын. Оған да шамасы келмесе, алпыс аш кісіні тамақтандырсын. Бұл Аллаһқа және Елшісіне иман келтірулерің үшін. Сондай-ақ осы Аллаһтың шектері. Қарсы болушыларға жан түршігерлік азап бар» (Мужәдәлә, 1-4). Бір мұсылман кәффарат ретінде бір құлды босатып, егер оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан ораза ұстайды. Бірақ бір ер кісі әйеліне «Сен маған анам секілдісің немесе анама ұқсайсың» деуі оның ниетіне байланысты. Егер әйелінің жақсылығын айтқысы келсе, оған еш нәрсе керек емес. Зиһарды меңзеген болса, зиһар үкімін орындайды. Талақты меңзеген болса, онда «байин» талақ деп есептеледі. Ал егер ешқандай ниеті жоқ болса, бұл сөз айтылмаған болып қала береді.

4. Қажылықта ихрам кезінде шаш алдырудың кәффараты

Құранда қажылықта ихрам киген адамдар үшін белгілі тыйымдар қойылған. Міне, ихрам кезінде уақытынан бұрын шаш алдырмау – осы тыйымдардың бірі. Сондықтан ихрам кезінде бір адам басының төрттен бірін немесе одан көбін не сақалының төрттен бірін алдырса, жаза ретінде бір құрбан шалуы керек. Төртте бірінен азын алдырса, садақа беру керек.

5. Ант кәффараты

Аллаһ атымен бір нәрсе үшін ант етіп, кейін осы антын бұзған адамға кәффарат керек. Бұл – бір құлды азат ету немесе он жоқ-жітіктің бір күндік азығын беру немесе он жоқ-жітікті орташа киіммен киіндіру. Егер де бұлардың ешбіріне күші жетпесе, үш күн қатар ораза ұстау керек. Оразасын толық ұстай алмаған кезде қайта басынан ұстау керек. Құранда: «Аллаһ анттарыңдағы бос сөзді есепке алмайды. Алайда, біле тұра берген анттарыңнан жауапкер етер. (Ант бұзсаңдар) оның төлеуі: Үй-іштеріңе орта есеппен жегізетін он жарлыны тамақтандыру не оларды киіндіру немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған біреу үш күн ораза ұстау» (Мәида, 5/89) – делінген. Ант кәффараты үшін он кедейге пітір садақасы өлшемінде бір нәрселер беруге болатыны сияқты, бір кедейге он күн беруге де болады. Сонымен қатар, бір кедейге он күн киім беруге де болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім бір нәрсе үшін ант етіп, кейін одан жақсысын көрсе, антын бұзып, кәффарат берсін» (Муслим, Иман, 15-16).

Ислам ғылымхалы кітабынан

6 thoughts on “Ораза кәффараты

  1. Әссәләму алейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!!!
    Сіздерге қояр сұрағым бар еді, біріншіден, маған нәпіл оразасын қай уақыттарда ұстау керектігін, ал екіншіден, рамазан айында ұсталмай қаза болып қалған оразаларды нәпілмен бірге қосып (ниет етіп) ұстаса болады ма деген сауалдарыма жауап берсеңіздер деген үміттемін.

  2. Уағалейкумассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
    Бисмилләһир рахманиррахим.
    Нәпіл оразаны адам өз қалаған күнінде ұстай береді. Ал тұрмыстағы әйел нәпіл оразаны күйеуінің рұқсатымен ұстайды. Тек мына күндері ораза ұстауға тыйым салынады: 1.-Ораза айт пен Құрбан айт мейрамдарында. 2.-Зулхиджа айының 10-,11-,12-күндері. 3.-Шағбанның 30-күні. Ал мәкруһ болған оразалар: 1-Тек қана жұмада, 2-Тек қана сенбіде, 3-Тоқтаусыз күн сайын болған ораза. Қалған күндерде өзіңіз таңдап ұстай бересіз. Ал қазаны өтеуге келсек, нәпілден бұрын қазаны өтеп алғаныңыз дұрыстау. себебі ол парыз ораза.

  3. Салеметсиздер ме! Оразаларыныз кабыл болсын!
    Ораза кезинде конакка барып, сол куни ашып тастап келеси куни жалгастырсам бола ма? Жауап берунизди отинем, алдын ала РАХМЕТ

  4. Сәлеметсіздер ме?Мен сурағыма асыға жауап күтем:үйінде маскүнем бар адам оразаны калай ұстаса болады,айналасының харамдығын елемеу керек пе?Менің танысым арақ-шарап шығаратын зауытта жұмыс жасайды.Күніне 12 сағат шарап иісін иіскеп жүрсе де,ораза ұстап жүр.Ол қалай болар екен?

Comments are closed.