30 күн Оразаны намаз оқитындар ғана ұстайды деген ойда едім

“5 сауалға” қатысып, хатын жолдаған оқырманымызға алғысымызды білдіре отырып, жауаптарын ұсынамыз.

Өміріңдегі ең алғашқы Оразаны есіңе алғанда есіңе бірінші кезекте не түседі? Неге?

Ораза туралы алғашқы мәліметтермен мектеп қабырғасында танысып, алғашқы Рамазанымды да оқушы кезімде өткердім. Әке-шешем менің қамымды ойлап: «Үш күн басында, үш күн ортасында ораза ұстауыңа болады» деп біраз “ақылдарын” айтты. Ол кездері бір ай оразаны тек намаз оқитындар ұстау керек деген ой қалыптасқан еді. Сол үш күндік оразаларымның өзі жарты күндік болатын. Анам бәйек болып, жаны ашып «оразасың ғой, шаршаған шығарсың» деп түстен кейін күштеп ұйықтатқызып тастайтын. Сосын ауызашар уақытында бірақ оятатын.

Егер ертең Оразаның алғашқы күні болатын болса, бүгін не істер едің?

Оразаның алғашқы күніне 24 сағат қалғанда дейсіз бе? Базарға барып сәресі үшін тары-талқан, құрма алатын шығармын. Бірақ оны да оразаға кем дегенде 5-10 күн қалғанда дайындап қоятын әдет қалыптасқан. Жауап беру қиын екен. 20 тамыз күні, байқап көру керек не істейтінімді.

Оразаны ұстау барысында басыңнан өткен қандай да бір қызықты оқиғамен бөліссең?

Өмірімдегі ұмытылмастай Рамазанды елден жырақта, киносымен әлемді жаулап алған ыстық Үндістанда өткізіп едім. Үндінің ащылау тамағына үйрене қоймағандықтан, алғаш күндері ауызымды “Pepsi” және бананнан жасалған чипсымен ашып жүрдім. Сондықтан әлі күнге дейін “Pepsi” дәмі Рамазанды еске салады.

Ең жақын досың Ораза ұстағысы келмей сылтау айтып жүрген болса, яки теріс жолға түсіп бара жатса, қандай шара қолданасың?

Исламды емес, иманның не екенін түсіндіруге тырысар едім. Біздер көбіне Исламды түсіндіреміз деп, «мына-мынаны жасауға болады, мына-мынаны жасауға болмайдымен» шектеп жатамыз. Алайда Ислам қатал ережелер жинағы емес екенін ұмытпауымыз керек. Фундаменті қаланбаған үйде қабырға салуға болмайтыны анық. Иманды жақсы түсінген адам, ешкімнің айтуынсыз-ақ, исламның барлық парыздарына қуана мойынсұнып, орындайды деп ойлаймын. Күштеудің еш қажеті жоқ. Ал кімде-кім досы үшін шынайы уайымдаса, ол үшін көптеп дұға жасағаны абзал. Ең мықты қаруымыз сол ғой.

Оразаға орай Сені ауызашарға шақырсақ, соңынан бата тілесек, қандай бата берер едің?

Батаны 2040 жыл болмай (Аллаһ ұзақ ғұмыр жазса) бере алмаспын. Әзірге, шағын ғана дұға айтайын:

Аллаһым! Бұрын істеген және кейінгі, жасырын және ашық түрде істеген күнәларімізді, шектен шығуымызды және Сен бізден артық білген күнәларды кешіре гөр! Жүрегімізді жамандықтан, ісімізді риядан, көзімізді сатқындықтан аулақ қыл! Басқарушылардың зұлымдығынан, шайтанның айласынан, тілдің қателесуінен және жамандық жасаушылардың жамандығынан сақтай гөр! Әумин!

7 thoughts on “30 күн Оразаны намаз оқитындар ғана ұстайды деген ойда едім

  1. бірінші сұрақтың жауабы ұнады
    Авторы белгісіз болып тұрғаны қызық емес екен 🙂
    Әдетте кім екенін жазушы едіңіз…

  2. Саламатсыздарма! 1 және 2 сурактар оте кызыты ары ойландыраты, неше турлы кызыктарды козыне елестетын екен

  3. Ассалаумағалейкум!!! Рахмет Сізге өзіңіздің осындай қызық та тартымды оқиғаларыңызбен біздермен бөліскеніңізге! Иман туралы айтқаныңыз өте орынды, қатты ойландырып тастады. Және де өте жақсы батаңыз үшін рахмет! Аллаһ разы болсын!

  4. Ассалаумағалейкум Жамағат!
    Иман жолдарыңызды ашық етсін,
    Нәпсі, харам, зинадан қашық етсін.
    Жаратқанға жағымды іс қылсаңыз,
    Фердауси жәннаттарын нәсіп етсін!

  5. Саламатсыздарма менин сурагым «Үш күн басында, үш күн ортасында, үш күн аяғында ораза ұстауға болады ма? жауап кутемин

  6. Надежда, салатамсыз ба? Рамазан айында толық ай бойы ораза ұстау керек. Сіз айтқандай үш күн басында, үш күн ортасында, үш күн аяғында Рамазан айында ораза ұстауға болмайды.

Comments are closed.