Құрметті, бауырлар!
Бүгінгі дәрісіміз уағыз, насихат дәрісі деп атасақ та болады. Көптеген жан ораза ұстап, әйтсе де толық даналығы мен маңызына мән бермеген болса керек. Кейбірі ағзасын тазартып, жаман қылығынан арылсам ба дейді. Енді кейбірі ата-бабамның “салты” деп, өзін қинап жатады.
Бұл жолы кішігірім уағыз ретінде бір хадисті түсіндіріп өткім келіп отыр. Бұл хадис ешкімге де таңсық емес, әрбіріміз жиі естіп жүрген хадис. Әбу Һурайра арқылы жеткен хадисте: “Ораза – қалқан, сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа жол бермесін. Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: “Мен оразамын”,-деп айтсын. Жаным қолында болғанмен ант етемін, ораза тұтушының аузының иісі Аллаһ алдында мисктің иісінен де жағымдырақ. Сондай-ақ Аллаһ: “Ол мен үшін жеп ішуден, шаһуат қалауынан тиылды. Ораза мен үшін және Оның сиын өзім беремін, ал қайырлы іске дәл сондай он есе сауап беріледі”,-дейді”,- делінген. (Бұхари, Муслим). Осы хадисті жай ғана түсіндіріп көрейікші.
“Ораза – қалқан”. Қалқан дегеніміз жаугершілік жорықтарда жаудың боратқан оғынан сақтап қалатын құрал-сауыт атауы. Оразаның бұлай аталуы да жайдан жай емес, сірә. Ораза ұстаған жан өзінің ағзасын тағамнан сақтап, абыройын жаман қылықтан сақтайды. Ораза арқылы Аллаһтың азабынан қорғанады. Ал енді қалқаны жоқ адам оққа ұшуы тез болғанындай бұл дүниеде нәпсінің қалауынан да, ақыретте Аллаһ азабынан да құтыла алмай қалуы ғажап емес.
Қалқаны бардың қалқаны жоқ жаннан абзалдығы соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық. Ауыз бекіткен жан Аллаһтың “ораза тұт!” деген бұйрығын орындап, ішіп-жем, жыныстық қатынастан тыйылып, осы арқылы өзін күнәдан сақтайды. Ол нендей күнә? Ол Раббымызға бағынбау деген күнә. Бұл күнә да шайтанның жатып атар сұрапыл, алдамшы оғының бірі. Қалқаны жоқтың бұл оқтан аман қалуы мүмкін бе?
Бізден бұрынғыларға ораза парыз етіліп, олар ораза ұстады. Ораза ұстаған мұсылман: “Енді мен мұсылман болып, ораза ұстамайтын болсам, менің бұлай мұсылман болғаным не әбүйір?! Аллаһ тағала бұл үмметті алдыңғы үмметтен абзал етіп жаратты. Ал енді олар бізден төмен болса да ораза ұстап өтті. Мен де олардан дәрежем төмендемес үшін ораза ұстайын”,-деп, өзін тағы бір оқтан аман алып қалады. Аузы берік болмаған бұндайға жете ала ма?! Айта берсе жетерлік, ақыл иелері ой жүгіртсін!
“Сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа жол бермесін“. Оразаны көп адамдар тек қана ішіп жеуден тыйылу деп біледі. Бұл түсінік келте десек, кемсіткеніміз, шолақ десек, төменсіткеніміз болар ма? Әйтсе де бұлай ойлау дұрыс емес. Байқап қарасақ, ішіп-жеу дегеніміз күнделікті рұқсат етілген, мубах амал болып табылады. Ал енді бұзықтық пен надандық шариғатымызда тыйым салынған нәрсе.
Аллаһ тағала рұқсат етілген нәрсені тыю арқылы нені қалады? Біздің аш жүруімізді ме? Әлбетте, олай емес. Ұлы Раббымыз Өзінің шексіз даналығы арқылы бізге рұқсат етілген нәрсені ішіп-жеуден тыйып, сол арқылы тыйым салынған нәрседен тыйылуды көздеді. Жай кезде бұзықтықтан тыйылған адам сауап алатын болса, ораза кезінде бұзықтыққа жол бермеген адам одан да көп есе сауап алатыны белгілі ғой. Ондай болса “ораза тұттым” деп ішіп-жеуді доғарып, бірақ, айналадығаларға күн көрсетпей бұзықтық жасау оңды болмайды әманда! Бұндай оразаның берері де аз! Ойланған абзал. Аллаһ тағала: “Сендерге де ораза парыз етілді, тақуа боларсыңдар”,-деп, оразаның мақсатын да атап өтті. Рамазанның басындағы қалпымыз Рамазанның соңында сол күйі қалса, әттеңге басып қалуымыз ғажап емес, ағайын! Бәлкім, тақуалығымыз артып, бұзықтық пен надандықтан, өсек-аяңнан, ғайбаттан аулақ болайық. Нағыз ораза осында!
“Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: “Мен оразамын”,-деп айтсын “. Екі рет айтудағы мақсат не? Біріншіден, өзіңіздің ораза тұтқаныңызды еске түсіріп, басу айтасыз. Екіншіден, сізге тіл тигізіп, жұдырық жұмсағанға ескерту айтасыз. Адам – ұмытшақтыққа бой алдырғыш келеді. Ұмытшақтықты кетіру үшін қайталау ләзім. Сол үшін “менің аузым берік!” деп жар салып, қуанышыңызды білдіріп, тағы солай “менің аузым берік!” деп, өзгелерге ескерту айтыңыз. Мүмкін жүрегі жібіп, қателігін түсінер. Ораза ұстаушы адам өзінің қандай сауап жинап жатқанын білсе ші!
“Жаным қолында болғанмен ант етемін, ораза тұтушының аузының иісі Аллаһ алдында мисктің иісінен де жағымдырақ”. Иә, бұл дүниеде жұпар иіс пен тәтті сезім кез-келгеннің көңілінен жай табады. Бірақ, Раббымыз үшін ораза ұстаушының ауыз иісі жұпар иістен де абзалырақ болып табылады. Өзінің бұйрығына иланып, төзіммен отыз күн ораза ұстаған жанның әрбір ісі, әрбір сөзі Аллаһқа ұнамды. Бұл Аллаһтың үлкен сыйы. Адамдар ауыз иісін жақтырмаса да Аллаһқа ұнайды. Осы арқылы мұсылманның оразаға деген құлшынысы артып: “Басқаға ұнамаса да Раббыма ұнасам болды” деп, қалтықсыз шешімге келеді. Ал енді Раббымызға ораза ұстаушының ауыз иісі ұнаған болса, құлдың өзі ұнамады дей аламыз ба? Асығушылар осыған асықсын!
“Сондай-ақ Аллаһ: “Ол мен үшін жеп ішуден, шаһуат қалауынан тиылды. Ораза мен үшін және Оның сиын өзім беремін, ал қайырлы іске дәл сондай он есе сауап беріледі”,-дейді”. Демек, оразаның басты мақсаты – Аллаһ үшін ұстау. Ағзам тазарсын, ата-бабамның жолы, өзгелерден бір елі қалып, ұятқа ұшырамайын деген ниеттің бәрі де орынсыз. Аллаһ үшін ұсталған оразаның сауабы шексіз, ал одан өзге ниетпен ұсталған оразаның бәрі де құрдымға апарады. Себебі Аллаһ тағала: “Мен серік қосушының өзін де, амалын да тастап қоямын”,-деген. Ондай болса ниетті тура етіп, дұрыс түсінейік, ағайын!
Аллаһ үшін ұсталған оразаның сауабы – Аллаһ Өзі береді. Аллаһ “Өзім беремін” деген сыйыдың шегі де, шектеуі де жоқ. Оны жалғыз Өзі біледі. Ал енді ораза ұстаушы адам оразамен қатар жақсы іске тырысатын болса, сауабы еселеніп, әр ісіне он жақсылық қосылмақ.
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Сәденов Азамат
“Ислам Нұры” діни танымдық газеті
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
osy jazgan paidaly maglumattarynyz uwin sizge ulken algysymdy bildiremin. Allah Tagala sizge razy bolsyn!
Сизге Аллах разы болсын. Билгенинизбен болискенге!