Ауыз бекітіп ораза ұстаудың сауап тұрғысынан да, денсаулық тұрғысынан да пайдасы зор. Айталық, ораза ем ретінде ішек ауруларына, іш қатуға қарсы қолданылады. Оразаның медициналық емдігінің қатарында кейбір тері ауруларының жақсаруы, асқазан мен ішек жұмысына тоқтау салып олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуы қамтамасыз етіледі. Ораза адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмді жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауыз ашар уақыттарда тым көп ас жемеу керек. Оразаның пайдасы туралы Алекс Каррел былай дейді:
Белгілі бір уақыт аралығында ашығу бауырдағы шекерлерді, тері астындағы май қыртыстарын, бұлшық ет, без, көк бауыр жасушалардағы протеиндердің кимылын арттырады. Барлық мүшелер өз құрамы мен жүрек біртұтастығын қорғау үшін жанын салады. Міне, осылайша ораза тканьдарымызды тазалап, өзгертіп отырады.
Адамдағы шайтани әрі нәпсіқұмарлық сезімнің оянып қозуы жыныстық гормондардың әсер күші мен олардың мөлшеріне байланысты. Ораза әлгі түрдегі гормондардың қандағы мөлшерін азайтатындықтан ол адамдағы құмарлық сезімді басады.
Нығметтердің қадірін сездіреді
Аллаһ Тағалаға шүкіршілік ету барша нығмет-несібелердің шынайы иесі сол деп біліп, барша нығметтердің қадірін ұғынып, сол нығметтерге деген өзінің зәру екенін сезіну арқылы болады. Рамазан айындағы ораза шынайы, ақ пейілден шыққан шүкірді білдіреді. Өйткені, басқа уақыттарда аштықтың не екенін сезінбеген адам өзіне келіп-кетіп жатқан рызық-несібелердің де қадір-қасиетін ұғына бермейді. Бір үзім қатқан нанның қадірін, әсіресе, ауыздарынан ақ майы ажырамайтын дәулетті, тоқ адамдар жай кезде біле бермейді. Білсе де сезіне алмайды. Алайда, сол бір үзім қара нанның қасиетін ауыз ашар уақытта ауыз бекіткен мұсылман жан-тәнімен сезінеді. Патшадан бастап кедей-кепшікке дейін Рамазан айында нығмет-несібе атаулының қадірін біліп, іштей шүкіршілік етеді. «Ол рызықтың егесі мен емес екенмін. Әр нәрсені қалауымша жей беруге құқылы емес екенмін. Ендеше, бұлардың бәрі басқаға тән, басқа біреудың сыйға тартқан мейманасы екен. Демек, соның әмірін күтейін» деп, нығметтің қадірін біліп рухани түрде шүкір етеді. Осы тұрғыдан шүкір адамның өз табиғатына сай шүкіршілігінің кілті болып табылады. Бұған қоса, оразаның қоғамдық пайдасын да айтпай кетпей болмайды. Қоғамдық өмірге көз жіберсек, адамдардың көбі материалдық мүмкіндіктеріне қарай әр түрлі жаратылғанын көреміз. Сол үшін де Аллаһ Тағала байларды кедейлерге қол ұшын беруге шақыруда. Байлар кедейлер тартқан кедейшілік пен аштықты тек ораза ұстаған кездерде ғана шынайы сезіне алуда. Егер ораза болмаса, қарақан басын ғана ойлайтын көптеген байлар кедейлердің күнделікті жай-күйін, олардың ылғи да ашқұрсақ жүретінін, кедей-кембағалардың мейірім мен жанашырлыққа қаншалықты мұқтаж екендіктерін сезінбейді. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» демекші, аш адамның ішкі жай-күйін ұғыну үшін тоқ адамның да бір мезгіл ашығып көруі қажет. Ол үшін ораза ұстау ең тиімді тәсіл. Осы тұрғыдан алғанда адамның өзгелерге жанашырлық танытуы ондағы шынайы шүкірдің негізі болып табылады. Қай адам болмасын өзінен бір саты төмен тұрған кедей біреуді кездестірері сөзсіз. Сол үшін де оған жанашырлық танытуға міндетті. Егер өзі де бастан кешпесе, онда жеткілікті деңгейде оны түсіне алмасы, қажетінше жанашырлық көрсетіп бауырмалдық таныта алмасы белгілі.
Ораза – адам үшін ең керекті дәрі. Ол – рухани әрі материалдық, медициналық диета. Адамның қалауынша тынбастан ішіп-жей беруі оның денсаулығына ғана зиян емес, адал-арам деп ажыратып жатпастан асқа қол салатындығы оның рухани тыныс-тіршілігіне де залалын тигізеді. Ондайда нәпсінің жүрек пен рухқа бағынуы өте қиын. Екілене есерсоқтыққа басқан нәпсі адамды жүн етеді. Қасиетті Рамазан айында болса, ораза арқылы нәпсі диетаға көндігеді. Рухани өсіп, тақуалық артады. Жаратқанның бұйырған әмірлеріне бас июді үйренеді. Асқазан да ас қорытпай тұрып тамақ үстіне тамақ қабылдап түрлі ауруларды жамамайтын болады. Жаратқанның әмірін тыңдап, күндіз алдындағы адал астан бас тартуға дағдыланған пенде арам астан да бойын аулақ салуды әдет етеді. Ақыл-ой, санасымен Ислам дінінің басқа да бұйрықтарын орындауға қабілеті күшейеді. Әмірге бойұсынып адалға қол созбаған пенде арамнан да бойын таза ұстауға тырысады. Ол осылайша рухани өмірінің тұтастығын сақтауға тырысады. Рамазан айындағы ораза он бес сағатты, сәресі болмаса жиырма төрт сағатты құрайды. Бұл дегеніңіз – осынша уақыт аштыққа төзімділік көрсету, шыдамдылық таныту деген сөз. Демек, қиындықты екі есеге ұлғайтатын сабырсыздық пен шыдамсыздықтың бірден-бір емі – ораза.
Қан айналым жүйесі
Ораза кезінде күндізгі уақыттарда қандағы холлестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холлестерин, май қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласып, еріп, қаттылығын жоғалтады. Әсіресе, түстен кейін қан қысымы біраз төмендейтіндіктен, тамырлардағы қысымның азаюы себепті рахат күй кешу, демалу байқалады. Осыдан барып сол күннің ең бір қорқынышты ауруы «артериосклероз» (жүректің қысылуы және сал болу себептері) ораза мен дәреттің ортақ әсерімен жойылады. Жыл сайын ауыз бекітіп, ылғи да дәрет алып жүретін 300-дей қарт кісіге жүргізілген зерттеуде оларда титтей де болса артериосклероз кінәраты кездеспеген әрі жас мөлшері 65-тен асса да қан қысымы 12-ден аспаған.
Жүрекке келсек, жүректің үстінде оған кері әсер ететін үш жақ бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы, асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді.
Ас қорыту жүйесі
Шыр етіп дүниеге келгеннен тіршіліктегі дәм-тұзы таусылып өлгенге дейінгі аралықта дамылсыз жұмыс істейтін асқазан оразаның арқасында орташа есеппен күніне төрт сағат тынығады. Бұл оның өзіндегі кем-кетік жағын дұрыстауына мүмкіндік туғызады. Ораза бауырдың жақсаруына тікелей әсер етеді. Дененің түрлі бөлігінде бауыр жүздеген міндет атқарады. Өтке май сіңіртуден бастап, ауруларға қарсы тұратын заттарды өндіретін барлық істерді, түптеп келгенде, денедегі барлық барлық химиялық жағдаяттар бауырдың ішінде өтеді. Бауыр өте сирек ауырады, бірақ, міндеті көбейіп ауырлаған сайын өз қызметінде ақау сездіреді. Бүгінгі таңда дамыған медицина көптеген аурулардың басталу себебі, яғни дененің ауруға қарсы тұру иммунитетінің әлсіреуі негізінен бауырға күш түсу деп білуде. Ораза болса, бауырдың күн сайын үш-төрт сағат тынығуын қамтамасыз етеді.Бұл бауыр қызметін тұтастай өзгертпегенімен оған шек қоя отырып, баяу жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Осылайша басқа мүшелер секілді бауыр да ораза кезінде тынығып, бір түлеп жаңарады. Дененің қорғану, қан химиясы және ас қорыту мүшесінің қызметі жақсара түседі. Оразаның тән саулығына тигізер игі ықпалы міне осындай.
Қан химиясы
Дененің химиялық үрдістері ең алдымен қанда өтеді. Әр түрлі қоректік заттар мен қорғану заттары, тыныстау алдымен белгілі бір қан деңгейінде қайталанып отырады. Бұл заттар қоюланған сайын дене де соған сай белсенді әрекетке көшеді. Ауыз бекіткен адамдарда бұл заттар қатары көбеймейді. Оның ең төменгі деңгейде қалуы қандағы химиялық процестердің оңай жүруін қамтамасыз етеді. Әлсіздігін алға тартып, ораза ұстамағандар өздеріндегі сол әлсіздікке ораза тұтпағандықтары себеп болып жатқанын біле бермейді. Өйткені, әлжуаз адамдардың қанындағы химиялық процестер тепе-теңдік сақтауда қауқарсыздық танытады.
Материал Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының
«Қасиетті ай – Рамазан» кітапшасынан алынды.
орысша айтканда ожирениеге қарсы жақсы шығар,яғни артык салмаққа қарсы күрес ретінде?!
иә дұрыс айтасыз…
қазақша айтқанда 🙂 семіздікке қарсы пайдалы
бірақ біздер мұсылман баласы болған соң, оразадан мақсатымыз арықтау емес, Исламдағы бес парыздың біреуі болғаны үшін ұстауымыз қажет.
Ал қалған (арықтау сияқты) себептер өздері-ақ бола жатады…