Оразаның еңбек өнімділігін төмендететіні рас па?

Ораза – тек Ислам дініндегі ғибадат түрі емес. Себебі Құран Кәрімде оразаның алдыңғы халықтарға да парыз болғандығы айтылған. «Ей, иман келтірушілер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгеніндей ораза парыз етілді» Бақара сүресі, 183-аят
Қазіргі уақытта оразаны тұтатын басқа діндегілер кездеседі. Дегенмен Исламдағы ораза мен басқа діндердегі оразаның арасында үлкен айырмашылық бар. Оның мәнісі – Исламда ораза һижра жыл санағымен белгілі бір айда (Рамазан айында) келуінде. Аталған айдың әр күнінде таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және әдепсіз қылықтардан тыйылу арқылы ораза тұтылады. Бұл мұсылман күні бойы, яғни күндізгі жұмыс уақытын оразаны бұзатын нәрселерден сақтанып, ауыз бекітумен өткізеді деген сөз. Кейбіреулердің мұсылмандық ораза жеке адам және қоғамның еңбек өнімділігін төмендетеді деп ойлауы осыдан болар.
Ақиқатына келсек, Исламға былайша кінә арту жөнсіз. Себебі ораза жанның тазаруы мен рухтың жоғарылауына мүмкіндік туғызады. Ал мұның өзі адам баласына ораза ұстамағанмен салыстырғанда өнімді әрі сапалы еңбек ететіндей рухани қуат дарытады. Бұл рухани қуат – санасуды қажет ететін өте үлкен күш.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде болған Бадр шайқасында мұсылмандар ораза ұстаған еді. Сол майданда олар жеңіп шықты. 1973 жылы мысырлық әскерлер ораза ұстаған күйде шайқасқан болатын. Себебі соғыс Рамазан айында басталған еді. Бұлар жеңіске қол жеткізді. Ораза оларды әлсіретпеді, керісінше оларға айрықша дем берді.
Кейбір мұсылман мемлекеттерінен байқағанымыздай, Рамазан айындағы ораза еңбек өнімділігінің төмендеуіне себеп болмайды. Ораза ұстаушылардың дені Рамазан айында түннің көп мезгілінде ояу отырып, аз ұйықтағанға әдеттенгендіктен, күндіз шаршайды. Демек еңбек өнімділігі де төмендейді. Әрі жұмысты жай, әрі зауықсыз істеп, ораза ұстағанын сылтауратып ақталады. Олар ақталуды жұмыс күнінің басында-ақ айтуы мүмкін. Егер олар ойлағанындай, ораза жұмысқа кері әсерін тигізер болса, аталған әсер еңбек уақытының басында емес, соңында байқалар еді ғой.
Оразаның денсаулық, сондай-ақ рухани, қоғам және тәрбие салалары үшін тигізер пайдасы мол екені дәлелденген. Өйткені ораза әр жыдағы қателіктерді жөндеп, әлеуметтік дерттердің бетін қайтару мақсатында жекелік және қоғамдық деңгейде ойлану, қайта сараптау, қорытындылау мен өзара сынға жол ашады. Ал бұл басқа қоғамның жылдам, дұрыс және саналы түрде дамуына қолайлы жағдай туғызады.

Махмұд Хамди Зақзұқ, Ислам және Сұхбат мәселелері,
Алматы, Шапағат-Нұр, 2006, 305-бет