Әділ Әбдірахман Рамазан айын Отаннан жырақта Ұлыбританияда өткеруде. Абердин Университетінде заңгер мамандығы бойынша ғылыми біліктілігін асырып жатқан өрелі азамат: “Елде жүргенде жұмыста талай шұғыл тапсырмаларды орындаймын деп алаңдау мен сабырсыздыққа тап болатынмын. Кейде тіпті кеңседе отырып қолда бармен ауыз ашатын кездерім жиі болатын. Ал оқуда жүрсең өзіңе-өзің қожайынсың” дейді.
1. Өміріңдегі ең алғашқы Оразаны ойлағанда есіңе бірінші кезекте не түседі? Неге?
Алғашқы Оразаны шамамен 18 жасымда 2-курс студенті болып жүргенімде ұстадым. Соны ойлағанда алғаш рет рухани болмысымның иесі тек өзім ғана деген тұжырымға келгенім есіме түседі. «Неге?» дейсіз ғой. Себебі оған дейін ата-анамыз «мектеп оқушысысың, қиналасың» десе, бірінші курста «оқуға бейімделер кезің, денсаулығыңа зиян келуі мүмкін» деп ұстатпайтын. Бұл тек менің ғана басымнан өткен оқиға болмас… Осы ретте ата-анама еш кінә артпаймын. Олардың бар ойлағаны менің амандығым, оның үстіне дінсіздікті қатал насихаттаған 50-60 жылдары дүниеге келген буынға сын айтар мен емес.
Екінші жағынан өсіп жетілген қоғамның да ықпалы үлкен еді. Қалада өскеннен болар, қатарлас жастардың арасында тұрақты ауыз бекітіп үлгі болар жандар жоқтың қасы еді. Оразаның тек рухани емес, сонымен қатар физиологиялық пайдалары бар дегенді насихаттаудың орнына, басқосуларда “асқазан жарасына тап боласың, әлсіздік пайда болып, жүдейсің” деген сында көптеген күлкілі сылтауларды еститінмін.
Сөйтіп, алғаш таңмен сәресін ішіп Рамазан айын қарсы алғанымда ата-анамның алаңдауынан да, қоғамның телген ойынан да арылып өз бетімше, тек өзімнің ішкі жан дүниемнің дауысына құлақ асып әрекет еткеніме қуанған едім. Жеке тұлға ретінде өз рухани дүниемнің, көзқарасымның иесі екенімді, Алланың құлына берген таңдау еркіндігінің иегері екенімді сезіндім.
2. Елде жүріп ұстаған Оразадан шет елде оқуда жүріп тұтқан Оразаның айырмашылығы бар ма?
Айырмашылық бірінші мені қоршаған ортада: Елде жүргенде сәресі мен ауыз ашар уақытындағы асымды анам дайындап беретін. Ал қазір екеуін де өзім дайындаймын. Жергілікті жердің ауа райы салқындау келгендіктен аптаған ыстықтан, шөлден еш қиналмайсың.
Екінші, қосымша мүмкіндіктер мен артықшылықтар да жоқ емес. Елде жүргенде жұмыста талай шұғыл тапсырмаларды орындаймын деп алаңдау мен сабырсыздыққа тап болатынмын. Кейде тіпті кеңседе отырып қолда бармен ауыз ашатын кездерім жиі болатын. Ал оқуда жүрсең өзіңе-өзің қожайынсың, дамылсыз тіршіліктен алыстап, мүлгіген тыныштыққа малынғанда оразада түрлі ғибадаттар санын арттырып, бұрын елемей не жіті мән бермеген нәрселерге жауапкершілікпен қарай бастайсың.
Десе де елге жетпейтін жерлері де бар. Айналаңда жүрген халықтың менталитеті мен ойлау жүйесі мүлдем басқа. “Оразаң қабыл болсын!” деп әр күн таласа ауыз ашарға шақырып жатқан ешкім жоқ. Осындайда елде жүріп жақындарыңмен, не достарыңмен бірге ауызашарға барып, жиі көрісіп әрі сауап жинап, әрі достығымызды арттыра түскен күндерді еске аласың.
3. Егер ертең Оразаның алғашқы күні болатын болса, бүгін не істер едің?
Рамазанның алғашқы күнінің қарсаңында Оразаның шарттарын бір қайталап шығар едім. Ең жақын достарға хабарласып «Ертең ораза, әдеттегідей бірге ұстаймыз ғой?!» деп, бір жағынан есіне түсіріп, екінші жағынан сылтауларынан бір жола арылсын деп намысын қайрап қояр едім. Артынша оразаның кестесін интернет арқылы болса да жолдар едім, бұның да кейде керемет әсері болатынын байқадым. Достардың бәріне хабарласып ескерту мүмкін болғандықтан жастар жиі қолданаты М-агент, Facebook, Вконтанте сынды әлеуметтік желілердегі жеке «статусыма» Рамазан айының келгенін жазып қояр едім. Ал кешкісін Тарауих намазына барар едім.
4. Оразаны ұстау барысында басыңнан өткен қандай да бір қызықты оқиғамен бөліссең?
Бір жылы Ораза қарсаңында Жұма намазындағы хұтбада имам “Тарауих намазының алғашқы күнінде мешітке келіп, жамағатпен бірге оқыған жан мол сауапқа кенеліп, көптеген күнәлары кешіріледі” деген сөзін ойға түйіп алдым. Сөйтіп, басқа-басқа сауап жинаудың мұндай мүмкіндігін жіберіп алмаспын деп қалғам. Содан Оразаның алғашқы күні аузымды ашып, тамақтана сала мешітке асыққан едім. Намаз бітіп, енді, Құдай қаласа, мол сауап жинадым-ау деп тұрғанымда имам бүгін Тарауих намазы екінші күн оқылып отырғанын айтып қалмаса бар ма?! Ол кезде Тарауихтың Оразаға бір күн қалғанда басталарын қайдан білейін, сөйтіп бір жағынан сабақ алып, екінші жағынан білімсіздігімнен мол сауаптан құр алақан қалғаныма өкініп сан соғып қалғанмын.
5. Ең жақын досың Ораза ұстағысы келмей сылтау айтып жүрген болса, яки теріс жолға түсіп бара жатса, қандай шара қолданасың?
Оразаны алғаш ұстауды ойлап жүрген бірақ әлі де шешімге келе алмай іркілген бір танысыма істегенімді айтайын. Біріншіден, Ораза ұстауға қазір оған ешқандай кедергі жоғын айттым. Ондай себептердің қатарына кем дегенде денсаулықтың бары, дәмді де тойымды тамаққа қол жететіндей дәулеттің баршылығы, Оразаны бастан аяқ қалай ұстау қажеттілігін жеткізетін ақпарат көздерінің жеткіліктігі, қатарлас достардың бірқаншасы бірге ауыз бекіткелі жатқандығы, мол сауап пен сабырды тәрбиелеудің артықшылықтары кіреді. Интернеттен өзі тұрған қаладағы Оразаның кестесін жүктеп алатын сілтемені жолдадым. Оразаның алғашқы күні хабарласып жағдайын сұрап, қиналған-қиналмағанын білдім. Барлығы ойдағдай жүріп жатқанын білген соң ораза аяғына таяу Алла үшін сабырлы болғандарды ғана ауызашарға шақырамын деп әрі қуантып, әрі түйреп қойғам. Ауыз бекіту барысында туындаған сұрақтарына тұшымды жауап тауып беруге тырыстым. Нәтижесі жаман болған жоқ.
Неткен керемет мақала! Сұрақтарына жауаптары сай.
Оразаны тек өзі ғана устап коймай, баскаларга да жаксы үгіт-насихат жасай білгендңгң қуантады. Аллах разы болсын!