Ризықты табудың және кедейлікті жоюдың 10 жолы

1. Аллаһтан көбірек кешірім сұрау – ризықты көбейтудің ең ұлы жолы; “(Сондай ақ оларға): Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені, Ол өте жарылқаушы” дедім. “Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады” (Нұх: 10-12).

2. Аллаһ жолында дүние жұмсау, яғни садақа беру. Көптеген адамдар садақа беру – мал-мүлікті азайтады деп ойлайды. Керісінше, ақша (дүние) Аллаһ үшін жұмсалса, ешқашан азаймайды, артады. “Зекет” деген сөз тазару, яғни “жамандықтардан” тазару дегенді білдіреді; “Аллаһ жолында мал сарп қылғандардың мысалы: әр сабағында жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Аллаһ кімге қаласа бірнеше есе арттыра береді. Аллаһ Тағала тым кең, әр нәрсені білуші” (әл-Бақара: 261) “…тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Аллаһ тағы есесін береді. Ол – ризық берушілердің ең жақсысы…” (Сәба: 39).

3. Туыстық байланыс; Оны орнатудың, күшейтудің екі пайдасы бар: а) адамның ризығын кеңейтеді, ә) ғұмырын ұзартады; Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Кімді Аллаһ оның ризығын көбейтіп, ғұмырын ұзартуы қуандырса – туыстарымен байланыссын” деген (әл-Бұхари).

4. Тақуалық – Аллаһтан қорқу. Тақуалық адамға күтпеген жерден ризық табуына себепші болады. “Кім Аллаһтан қорықса, оған шығар бір жол пайда қылады. Оған Аллаһ ойламаған жерден ризық береді” (әл-Талақ: 2-3).

5. Жамандықтарды тастау;

6. Ұлы және кіші (ұмра) қажылық жасау ақша көбірек жұмсау сияқты көрінгенімен, қажылық және ұмра кедейлікті және күнәларды жояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): қажылық пен ұмраны жалғастырыңыздар, шын мәнінде кедейлік пен күнәларды ұстаның темірдің, алтын мен күмістің жамандығын кеткізгеніндей жояды және қабыл болған қажылық тек жәннат болады” деген (әт-Термизи).

7. Аллаһқа ғана тәуекел ету, бел буу, сүйену; Аллаһ Тағала былай деген: “Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі – Аллаһқа ғана тән”. (һұд: 6). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Егер сендер Аллаһқа шынайы тәуекел етсеңдер, ұясынан аш шығып, тоқ болып оралатын құсқа ризық бергендей, седерге де ризық береді”, – дейді (Ахмад).

8. Алаһқа құлшылық жасауға уақыт бөлу дегеніміз – жеткілікті ризығың аз болса да, қанағат етіп дүниеге таласуды тастап, уақытыңды ғибадатқа арнауың. Аллаһ Тағала хадис құдсияда былай деген: “Әй, адам баласы, менің құлшылығыма өзіңді босат. Сонда көкірегіңе байлықты болдырып, кедейлігіңді жабамын, егер істемесең, қолыңдағы шаруаңды көбейтіп, кедейлігіңді жоймаймын”.

9. Ғылым алушыға (студентке) көмектесу; Білім алып жатқанға көмектесуің – ризық жолдарының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында екі мұсылман бауыр болған екен. Бірі білім алумен шұғылданыпты. Сонда екіншісі ол туралы пайғамбарға (с.ғ.с.) шағым жасапты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Мүмкін сен сонымен ризықтанарсың” депті (әт-Тирмизи).

10. Әлсіз (жағдайы нашар) және міскіндерді сүю, оларға жақсылық жасау; Біз ондай адамдарға жақсылық көрсетсек, Аллаһ бізге жақсылық жасайды екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): (араларындағы) әлсіздер сендер көмек көрсетіліп ризықтандырыласыңдар ма?” деген хадисі бар (Бұхари). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмметінің кедей болуын және садақа сұрап өмір сүруін ұнатпаған. Шамасы келгенше әр кедейдің мәселесін шешіп беруге тырысқан. Бірде бір кедей тұрмысының нашарлығын айтып шағымданған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан үйіңдегі бар нәрсені әкелуін талап еткенде, әлгі кедей үйіндегі жалғыз ескі кілемін әкеліпті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кілемді өтетін арзан бағаға сатып, ол ақшаға балта сатып алып, өзі саптап әлгі кісіге: “Бар енді мынаумен отын шауып сат та, сауда жаса” – деп жіберген. Кейін әлгі кісі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанын істеп, байып кеткен екен.

Әзірлеген Ахан Мергенбаев