Ораза ұстаған жан намаз оқуға міндетті ме?

Ақын, дінтанушы, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабековпен сұхбат,

“Алтын Орда” газеті

Мың шақырым бір қадамнан басталады…

— Мұхамеджан мырза, сауалымызды күні кеше ғана табалдырықтан аттаған ораза айының келуімен бастасақ. Яғни, пенденің шын ықыласпен тәубаға келу айы. Дінтанушы ретінде айтыңызшы, бүгінгі жаһандану заманында оразаның шарттарын дұрыс қабылдап, дұрыс орындап жүрміз бе? Мәселен, ауызашарды дайын мейрамхана мен кафелерде өткізуді әдеттеніп алған жоқпыз ба?..

— Алла тағала тарапынан адамдарға міндет етілген бес парыздың бірі — ораза ұстау. Қасиетті Құранның Бахара сүресінің 183-аятында ораза туралы: «Ей, иман келтіргендер, сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінген. Кез-келген мұсылман баласы шама-шарқы жеткенше оразаның парызын өтеуге тырысуы керек. Рамазан — жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлықтың айы. Рамазан — өзінің әлсіз, әлжуаз екенін мойындап, құлшылық арқылы қуат алғысы келетін, әрі бойындағы «тау тасынан кем емес» сансыз мінін жоюға тырысқан рухани науқас құлдың дертін емдейтін мейірімді дәрігер іспетті.

Қоғамның қарқынды ілгерілеуіне қарап, бүгінде оразаның шарттарын бұрмалап алды деуге болмас. Әр адам хал-қадірінше оразаның шарттарын орындауға, білуге тырысуда. Ал, сол оразаның негізгі шарттары неде дегенге келсек, оразаның негізгі шарттары — адам баласының мұсылман болуы, яғни, балиғат жасына толуы (ұл мен қыздың жасы), денсаулығы көтеретін жағдайларда оразаны ұстау парыз болып есептеледі.

Расында, қазір ораза ұстаушылар өте көп. Мың шақырым бір қадамнан бастау алатыны сияқты, қандай да игі бастама немесе іс-әрекет қателіктерімен басталады. Әп дегеннен кіршіксіз орындалып кететін амал болмайды. Дегенмен, Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсаллам) кез-келген амалдың ниетке байланысты екендігін айтады. Келесі бір хадисте: «Мұсылманның амалынан ниеті артық» делінген. Демек, Алла да ниетке орай дұрыс амалдың есігін ашады.

Ауыз аштырту дегеніміз — үлкен сауап. Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсаллам) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі — ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді». Егер ауыз аштыртатын болсақ, ораза бекіткендей сауап аламыз. Бұл — өзің ораза ұстамай-ақ елге ауыз аштыр деген сөз емес. Қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейір-шапағатының артуына ауызашардың пайдасының шексіз екендігіне көз жеткізу. Ауыз аштырту дегеніміз көл-көсір той жасайтындай дастархан жасап немесе ысырапқа бату да емес. Әсілі ауызашар беруді үлкен игілікті іс деп білген жөн. Аузы берік адамға бір құрма немесе зәйтүн тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді.

Халықтың ауызашарға деген құштарлығы жылдан-жылға артып келеді. Ауызашарды мейрамхана мен кафелерде өткізу — жақсы нәрсе. Себебі, халық неғұрлым көп жиналып Алланы зікір етіп, еске алса нұр үстіне нұр дер едік. Алайда, біздің діни сауаттылығымыз өзге елдермен салыстырғанда әлі де болса көш ілгері емес. Көп адамдардың діни насихат тыңдауға уақыттары бола бермейді. Мәселен, түрік, араб елдерінде ауызашардың озық үлгілері жетерлік. Атап айтқанда, Стамбулда көше-көшелерінде және көпшілік демалатын саябақтарда Рамазан айында үлкен-үлкен палаткалар тігіліп, дастархан жаюлы тұрады. Ораза ұстаған әрбір адам жұмысынан үйіне асықпай-ақ немесе бір жерге жанталасып жүгірмей-ақ сол тұрған орнында ауыз ашуына мүмкіндік жасалынған. Ал, қасиетті Меккенің Әл-Харам мешітінде бір мезгілде бір жарым миллион адамға намаз оқуға мүмкіншілік туғызса, осынша адамға дастархан жаюға да мүмкіншілік жасалынған.

— Мұндай дастархан қай кезде жайылады?

— Шам намазының алдында. Шам намазының азаны айтылысыменен-ақ ауыз ашуға рұқсат етіледі. 40-50 адамға лайықтап әр-әр жерге арнайы дастархан дайындайды. Тіл үйірер балауса құрмаларды дастарханға төгіп, ең дәмді пісірілген нан мен қаймақтарын алдыңа тосады. Әл-Харам мешітінің жүз есігі болса, сол жүз есігінен кіріп жатқан адамдарға: «Менің дастарханыма жүр, менің дастарханыма жүр» деп, болмаса «бізге жүріңізші, бізден ауыз ашыңызшы, бізде мынадай тәтті тағамдар бар» десіп, таласып тұрған жас балаларды көресіз. Бұлар — Мекке қаласының байларының бала-шағалары. Мекке қаласының байлары аталмыш мешіттің басшыларымен келісіп, мешіттің орындарын өз-өздері келісіп, бөлісіп алысып, 1-2 мың адамға лайықтап дастархан жасап отырады. Мешітке келген 1,5-2 миллион халыққа Меккенің байлары осылайша бала-шағаларымен бірлесіп, тік тұрып қызмет етеді. Әлгі балалардың: «Аға, бізге жүріңізші, ыстық кофе дайындап берейін, болмаса сүтпен шәй ішесіз бе?» деп айтқанын өз құлағыңызбен естіген кезіңізде, Алланың соншалық мейірімді екендігін, ал, дін ұстанған жандардың да жүзінен ерекше нұрды, құрметті байқарыңыз сөзсіз.

Рамазан айының ерекшелігі де сол, бай мен кедейді теңестіреді. Бай да, кедей де аш болады. Олар бір шайнам ас пен бір жұтым судың қадірін біледі. Бай кедейдің төбесінен қарамайды. Ауызашарды әзірге өзімізде кафе мен мейрамханаларда өткізсе, келешекте осы айтып өткендей үлкен-үлкен орындарда жасалуы мүмкін деп ойлаймын. Аллаға шүкір, біздің мешіттерде де келуші адам санына лайықтап дастархан жайылып, қазан көтеріліп жатыр. Бұл да болса көпшілікті діннің насихатталуы үстінде қосуға себеп болуда.

— Діндер тарихына көз салсақ, исламға дейінгі діндерде де оразаға ұқсас құлшылық түрінің болғанын байқаймыз. Айталық, кельттердің ораза ұстағандығы, көне мексикалықтардың, перулықтардың, вавилондықтардың да оразаға ерекше мән бергендігі айтылған. Мұнымен қатар христиандық пен индуизм діндерінде де мақсаты мен формасы әртүрлі болса да ауыз бекітудің құлшылық ретінде орындалғанын көреміз. Тап бүгінде ораза өзге діндерде қай деңгейде?

— Рас, бізден алдыңғы діндерде де немесе сенім ұстанған адамдардың қағидаларында ауыз бекіту деген бар. Бірақ, біз көбінесе кітап иелері христиандарға, иудазим ұстанған яхудилейлерге жақынырақпыз. Олардың бізден айырмашылығы, кейбіреулері мәселен, тәулік бойы аш жүретін болған. Немесе кейінгі бұрмаланған кезеңдерде оразаларының түрі кейбір тағамдарды ішіп, кейбіреуін жеуге тыйым салынған. Ал, ислам дінінде олай емес. Біздің дінімізде оразаның уақыты таңның атуынан күннің батуына дейінгі аралық. Ол Құранда былай білдірілген: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар».

Тіптен кейбір діндерде, ораза кезінде әйелімен жақындасуға да, бала-шағасын мейірленіп сүюіне де тыйым салынған. Ал, біздің дінімізде барлық нәрсе тек ауыз берік кезде ғана харам етіледі. Дініміздегі оразаның кереметтігі сондай, біз мүлдем аш қалмаймыз. Сәресінде күні бойы қарным ашып қалар деп қорқақтап тойып алу тағы болмас. Өзге діндерден біздің оразамыздың айырмашылығы — адам денсаулығына толық пайдалылығында. Айталық, ораза ем ретінде ішек ауруларына, іш қатуға қарсы қолданылады. Оразаның медициналық емдігінің қатарында кейбір тері ауруларының жақсару, асқазаны мен ішек жұмысына тоқтау салып, олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуы қамтамасыз етіледі. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауыз ашар уақытта тым көп ас жемеу керек.

Сосын оразаға орай айтатын нәрсе — көп кісілер «таңертең сәресін ішпей-ақ қойсақ» деп, жалқауланып жатады. Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсаллам) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәресінің тамағында берекет бар» деген. Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы — берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені, сәресіде тамақтанатындарға Аллаһ рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді», — дейді.

Құрғақ жер баспай өмірден өтетін халық бар екен…

— Ораза ұстаған жан намаз оқуға міндетті ме?

— Жалпы, ораза мен намаз екеуі екі бөлек құлшылық. Кім ораза ұстайды? Мұсылман, иман келтірген жан ораза ұстайды. Ендеше, иман келтірген адамға намаз оқу — парыз. Абай атамыз: «Ақылды адамға иман парыз. Иманды адамға ғибадат парыз» деген жоқ па? Лев Толстойдың «Мен ақылдымын, саналымын деген адамның ең соңғы табан тірейтін жері — ислам» деп айтатыны сол емес пе? Ақылды, саналы жанды қандай да жағдай болмасын Аллаға, оның бұйрықтарына сенуге және ақирет күніне сенуге міндетті түрде алып келеді. Демек, ақыл Аллаға сенуге алып келсе, ол — Иман. Иман келтірсек, онда Алланың бұйрықтарын орындауға міндеттіміз. Алланың бұйрықтарының біріншісі — намаз. Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсаллам): «Намаз — діннің тірегі» деп, оның дініміздегі маңызын айқындап берген. Намаздан соң ораза келеді. Намаз оқымадым екен деп, оразаны ұстамауға болмайды. Әр құлшылықтың өз орны бар. Мәселен, үйіңізге қонақтар шақырсаңыз, арасында біреуі келмей қалса, дастархан жайылмай, қалған қонақтарға тамақ берілмей қалмайды ғой. Өйткені, әр адамның өз несібесі болады. Сол сияқты әр құлшылықтың да өз орны, міндеті және жауапкершілігі бар.

Намаз оқу — бәлиғат жасына жеткен кез-келген мұсылманның мойнындағы міндет. Намаз — өте оңай құлшылық. Бахара сүресінде: «Ынтасы жоқтарға ғана намаз ауыр» делінген. Жұмыс та сондай. Ынта-сенімнен пайда болады. Алла бар. Алла болса, ақирет күні хақ. Сол ақирет күніне дайындық жасауымыз керек. Тағы да Абай атамызға жүгінсек: «Толық мұсылман — толық адам, жартылай мұсылман — жарты адам» деген. Мұсылманшылығы, Алламен қарым-қатынасы, бұ дүниеде Алланың бұйрықтарын орындауы кемелденген сайын адамның адамшылығы артады. Адам деген атқа лайық боламыз. Адам — біздің түпкі атамыз. Неге ол адам деген атқа лайық болды дегенге келсек, себебі, адам Алланың ең сүйікті құлы болды. Адам тек қана құдайдың бұйрықтарын орындады. Ендеше, адам деген атқа лайық болуымыз үшін біз де Адам атамыздың жолымен жүруіміз қажет.

Хайуан да ішіп-жейді. Хайуанның да баласына деген мейірімі болады. Демек, адамның хайуаннан артықшылығы — иманында, санасында, рухани тазалығында. Біз Алланың алдындағы жауапкершілігімізді түсінген сайын, ақылымыз құлшылыққа қарай итермелейді. Ал, құлшылық етуді білмейтіндер тағдырында кездесетін көптеген қиыншылықтарға жауап таба алмайды.

…Намаз, ораза дегеніміз гимнастика, болмаса денсаулықты күту үшін ұсталатын диета емес. Немесе қаржыны үнемдейтін экономика да емес. Ол — Аллаға құлшылық ету. Алла жер бетіне адамнан өзге қолынан көп нәрсе келетін мақұлықты жаратқан жоқ. Құдайға құлшылық етпеген адам өзінен төмен нәрсеге құлшылық етеді. Мәселен, отқа, суға, тасқа, т.б. Сөйтіп, өз дәрежесін түсіреді. «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» дегенді қазақ атам тектен-текке айтпаған. Данышпан Абай да «Жаратушы тұрғанда жаратылушыдан не сұрайсың?..» дейді…

— Ораза айы берекелі ай деп те айтылады. Зекет көбіне ораза айында беріледі. Зекет пен садақаның негізгі айырмашылығы неде?

— Жалпы зекет те садақа деп аталады немесе садақаның бір түрі деп айтуымызға да болады. Алайда, парыз болған түрі. Алланың берген дүниесіне шүкіршілік етудің бір белгісі. Ислам ғұламалары: «Аллаһтың бергеніне шүкіршілік қылу үш түрлі сипатпен белгілі болады. Оның бірінші белгісі — кез-келген нығметтің иесін Алладан деп білу (он екі мүше, қабілет, сұлулық, күш-қуат, ақыл, бала-шаға т.б.); екіншісі — рахметті тек Аллаға ғана айту; Жер бетінде жарық дүниені бір көруге зар адамдар, бір перзент сүюге зар адамдар немесе бір жұтым су тамағынан өтпей ауруханаларда жатқан адамдар қаншама?! Пальманың түбінде дүниеге кеп, сол ағаштың түбінде өмірден озып жатқандар қаншама?!

Қытайға барғанда өзім куә болған жайтты айтайын. Теңіздің жағасында өмір сүретін қытай әулеттері бар екен. Сол балықшылардың әулетіндегі қытайлар тек қайықта дүниеге келіп, өмірден озғанша қайықта өмір сүреді екен. Келесі қайықтағы қызбен жұптасып, бала сүйіп, осылай ұрпақ жалғастырып отырады екен. Ал қартайып, дәм-тұзы таусылғанда қайықтан денесін суға тастайды екен. Міне, осылайша құрғақ жер баспай өтетін адамдар бар. Немесе бар өмірі дастархан мен дәретхананың ортасында жүрген адамдар қаншама?!

Міне, осындай сұмдықтарды көргенде, Алланың өзіңе бергенін қадірлеп, шүкіршілік етуіміз керек емес пе? Үшіншісі — Алланың берген нығметтерінің қақысын беру. Қақысын беру — Алланың берген байлығынан зекет шығару. Ал, Алла перзент берді ме, оның да қақысын беру керек. Шариғат бойынша алдымен перзентіңе жақсы ат қою. Екінші — Құдайды, пайғамбарды сүюді үйретіп, бойына иман ұялатып тәрбиелеу. Үшінші — қызың бойжетсе, қызыңды көркем мінезді, иманды жігітке тұрмысқа шығуына себеп болып, ұлың есейсе текті, ибалы жерден қыз әперу. Ата-ана алдындағы осы үш сипат орындалса перзентіңнің алдындағы қақыңды өтегенің боп есептеледі.

Жүзім өсіретін адамдар жақсы біледі. Көктемде, не күзде жүзімнің кейбір сабақтарын кеседі. Ол сабақтарды жүзімнің жеміс бермегендігі үшін емес, одан да көп берсін деп қырқады. Зекет те солай. Мәселен, 40 қойыңыз болып, соның бірін зекетке берсеңіз, Алла оны 700-ге дейін арттырып береді, бәлкім одан да көп. Құранда: «Аллаға бергеніңіз еселеп қайтады. Шүкіршілік қылсаң арттырам» деген. Аллаға бермей тұрған кезіңізде де несібеңізді берді. Ал, берген кезіңізде одан сайын береді.

— Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түнді Қадір түні деп қадірлейтінімізді кез-келген иманды жан білері хақ. Ораза айымен ілесе келетін осы Қадір түнін бүгінде мешіттерде отырып күтіп және мол дастархан жасап әбігер болып жатамыз. Қадір түнін де қоғамға қарай ыңғайлап алмадық па?

— Араб тіліндегі «қадір» сөзі «тағдыр түні» деген ұғымды білдіреді. Тағдырлар өзгеретін түн. Сонымен қатар, бұл сөз «құдірет» мағынасын да, «қадірін білу» деген мағынаны да қамтиды. Олай болса қадірім артсын десеңіз, сол түннің қадірін біліңіз. «Қадір түні мың айдан артық» деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді екен. Таңға дейін Алла мен адамдар арасында сәлем жалғасады. Қадір түнінде тек қана ұйықтамай отыру бүтін құлшылық емес, мүмкіншілік келгенінше Аллаға дұға қылып, бос уақыт өткізбеуге тырысуымыз керек.

Біздің халықта осы түнге байланысты біраз түсініспеушіліктер бар. Қадір түнін Қызыр (немесе Қыдыр) әлейһиссаламмен байланыстырылуы хақында. Қадір түні мен Қызыр алейһиссәләмнің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қызыр әлейкссалам Мұса пайғамбардың заманында ғұмыр кешкен пайғамбар (немесе әулие). Сол заманда қайтыс болған. Тірі адамдардың тірлігіне де, дінге де ешқандай қатысы жоқ. Тек аңыз-әпсаналарда «Қыдыр әлейксссалам келеді, саусағы былқылдап тұрады екен немесе Қыдыр дарысын, бақ қарасын» деген сияқты сөздер айтылып кеткен. Қадір түнінде Қыдыр ата келеді екен деп қателесуге болмайды. Ол дініміздің қағидаларына қайшы.

Қадір түнінде періштелердің түсетіні рас. Бірақ, ол көзге көрініп, алдымызға топырлап көрініп жатпайды немесе ол жауып тұратын жаңбыр емес. Демек, біздің Қадір түнінде таң рауандап атқанға дейін істейтініміз тек Аллаға құлшылық жасап, тілек тілеу ғана.

Ақындықты ерекшелік деп емес, сынақ деп қабылдаймын

— Сөзімізді өзіңіздің басшылығыңыздағы «Асыл арнаға» бұрсақ. Ислами құндылықтарды сіңіретін арна аз ғана уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналды. Діни арна әу бастағы өзінің ашылудағы мақсатына аздап болса да жетті дер ме едіңіз?
— «Асыл арнаның» ашылу мақсатына келетін болсақ, қазақта сөз бар «уағыздамасаң уағыздаласың» деген. Біз өз халқымыздың насихатын өзіміз жасамасақ, міндетті түрде сырттан келіп уағыз жасайды. Оның үстіне қазір ақпараттық ағымның нағыз қызған шағы. Ақпараттың айла-шарғысына ілігу оңай болып тұрған уақытта, халқымызға қайтсек ізгілікті жеткіземіз? Сол насихатты өзіміз жеткізген кезде ғана. Қазақтың қамын өзгелер емес, тек қазақ ойлаған кезде ғана. Кеңестік дәуірден соң халықта рухани сұраныс пайда болды. Біреулер христиандықтың жетегіне ілесе бастады. Біреулер дін деген осы екен деп, емші-тәуіптің соңынан қабір аралап кетті. Сол сияқты түрлі секталардың шырмауына шыланды. Өкініштісі, олардың ешқайсысы да рухани іздеушілерінің жүрегіне шынайы-рухани қажеттіліктерін өтеп, сұрақтарына қанағаттанарлықтай жауаптар бере алмады. Себебі, ең ақиқат, толық дін — Ислам ғана. Сондықтан, біз Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының қолдауына ие бола отырып, әрі жүрегінде иманы бар қазақстандық қалталы азаматтардың қаражат қамдауымен исламды насихаттайтын телеарна ашуды мақсат тұттық. Мақсатымыз — халықты рухани қанағаттандыру. Халықтың көкейінде туындаған сауалдарына дұрыс жауап табуына мүмкіншілік туғызу. Және Діни басқарманың атқарып отырған жұмыстарын елдің түкпір-түкпіріне жеткізу.

«Асыл арнаның» эфирге шыққанына да жылға жуық болыпты. Алғаш кабельдік жүйе арқылы шыққан болатынбыз. Бірнеше айдың жүзі болды спутниктік желі арқылы арысы Африка, берісі Еуропаның шығыс бөлігі және бұрынғы ТМД елдерін қамтудамыз. Тәулігіне 24 сағат бойына эфирге шығатын хабарларымыз екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде. 70 пайызы қазақ тіліндегі хабарлар. Бүгінде Астана, Қызылорда, Тараз және Оңтүстік Қазақстан облыстарында филиалдарымыз бар. Ал, өзге қалаларда корреспонденттік қосындарымыз жұмыс жасап, сол облыстағы діни-ахуалдағы жаңалықтардан репортаждар берілуде. Күндігіне 3-4 немесе 4-5 сағаттық жаңа дүниелер дайындап, бірнеше блок етіп, қайталап беріп отырамыз.

— Мұндағы журналистеріңіз эфирден көруімізше, ислами ілімді жан-жақты меңгергендер. Ал,осында жұмыс істегісі келетін журналистке қоятын басты талап-тілектеріңіз бар шығар…

— «Асыл арнадағы» журналистерге қоятын талабымыз екеу. Біріншіден, кез-келген кісі дәрігер болу үшін медицинаны жан-жақты игеруі керек немесе мұғалім болу үшін педагогикалық оқуда балалармен жұмыс істеуді білуі қажет сияқты дінді насихаттайтын журналисіміздің өзі де діннен хабардар болуы тиіс. Оны көрерменге сапалы жеткізу үшін кәсіби маман болуы міндетті. Тек журналист болып қана қойса, онда дінді насихаттай алмайды. Дін туралы сөйлеу — Алланың және пайғамбардың атынан сөйлеумен бірдей. Алла және пайғамбардың атынан емес, бір ұжымның атынан сөйлеудің өзі оңай емес екені анық.

— Діни арна жекелеген азаматтардың қолдау қаржысымен шығып отырғанын бірер сұхбаттарыңызда айтып қалып едіңіз. Бүгінде өз көрерменін тапқан діни арнаға билік тарапынан қандай да бір қаржылай көмек болды ма?

— Дін халыққа екі жолмен тарайды. Біріншіден, ғалымдардың білімімен, екіншіден, қалталылардың қаражатымен. Кемені алға жылжыту үшін су қандай қажет болса, дінді алға жылжыту үшін де қаражат сондай қажет. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде ұлтжанды, дінге жанашыр бауырларымыз телеарнаға деген қажетімізді беріп отыр. Солардың жанашырлығымен арна алға қарай жылжып барады деп айтуға негіз бар. Ал, мемлекет тарапына келсек, бұл ислам телеарнасы ашылмастан бұрын, мұның концепсиясы қалай болатындығы туралы жобалары Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасына ұсынылып, сол жерден талдау-сараптаудан өтіп, қазіргі дін Комитетіне жіберілген болатын. Заң талаптарына сай келгендіктен, үкімет тарапынан рұқсат етіліп, куәлік берілген.

Үкімет тарапынан қолдау дегеніміз — теле арнаның көрсетіліміне кедергі жасамау. Жасыратыны жоқ, Елбасымен кездесу мүмкіншілігіне ие болған кезімде, арнамызды көретіндігін айтып, ерекше ризашылығын білдіріп, өте жақсы пікірлерін айтқан болатын. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза, Ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мырза, Дін істер комитетінің төрағасы Ардақ Досжан ағаларымыз да оң пікірлерін айтып, ақыл-кеңестерін аяп жатқан жоқ. Ал, арнамыздың қамқоршылық кеңесінің басшысы ретінде Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының төрағасы Бас муфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі әрдайым жұмысымыздың дұрыс бағытта дамуы үшін қолынан келген көмегін жасап, көкжиегімізді кеңейтіп отыр. Хазірет «Асыл арнаға» Діни Басқармадан арнайы екі адам бөліп, олар бізбен қоян-қолтық жұмыс істеп, көрермендерге діни танымдық хабарлар таратуға үлкен көмектерін аямауда.

— Мұхамеджан мырза, жұртшылық сізді ақын деп таныған. Ақындардың басына ноқта сыймайды. Айналадағы кез-келген нәрсеге ақындық көзқараспен қарайды. Құбылмалы мінез дегенім ғой. Тек шариғаттың жолымен жүріп отыру, сіздей ақынға қаншалықты салмақтырақ, қаншалықты пайым-түсініктер қалыптастырғанын білудің реті келген сықылды…

— Ақындық — Алланың берген сыйы. Ақындық пышақ сияқты. Пышақпен нан кесуге де болады, біреуге қиянат жасауға да болады. Ақындықты ерекшелік деп емес, маған берілген сынақ деп қабылдаймын. Ақындықты жақсылыққа пайдалана алсам, онда Алланың берген сыйына, сынағына дұрыс жауап бергенім деп айтар едім. Ал, егер сезімімді өзгелей теріс әрекеттерге пайдалансам, онда оның қадірін біле алмадым деп есептеймін. Құранда 114 сүре болса, соның біреуі «Шұғара» деп аталады. Бұл «Ақындар» деген мағынаны білдіреді. Осы сүреде «Ақындарға азғындар ғана ілеседі» делінген. Бұл не деген сөз? Егер ақын ізгіліктің, ақиқаттың иесі болмаса, онда адамдарды ақиқаттан алып кетуге, сезімдерге құл болуға жетелейді. Керісінше, ақын иманды болса, кешегі Бұхар, Абайлар секілді ұлтқа, елдің бірлігіне, жердің қасіретіне жаны ауырып, жүрегі сыздап жыр жазар еді.

Кеңестік дәуірде ақынды тек махаббаты жырлаушы деп үйретті. Негізінде жырау бабаларымыздың қай-қайсысы да өз заманына сай ақындықты халыққа насихаттың құралы ретінде пайдаланған. Мәселен, билікке біліп сөйлеу, халықтың мұң-мұқтажын түбегейлі шешу секілді ірі-ірі мәселелерге сарп еткен. Сондықтан, өзім ақындықты Алланың ақиқатын адамдарға жеткізу үшін пайдаланатын құрал деп білем. Халықпен шығармашылық байланысым бұрынғыдай. Имандылық тақырыбына қалам тербеудемін.

Әуезов хиджабты «шариғат шәлісі» деп атаған

— Жеке бастың түсінігі деп емес, көпшіліктің көкейіндегі, білгісі келетін сауалдар деп қарағаныңыз жөн. Бүгінде көшеде бет-аузын тұмшаланып алған немесе тіптен көзін ғана жылтыратып көрсетіп қойып киініп жүрген қыз-келіншектерді ұшырастырып қаламыз. Қазақтың қыз-келіншектерінің, егер дін жолында болса, солай киінуі шарт па?

— Мұхтар Әуезов хиджабты «шариғат шәлісі» деп атаған екен. Көп жағдайда біз хиджап кигендерді түсінуден гөрі, кінәлауға бейім тұрамыз. Хиджап — Құранда әйел адамдарға парыз делінген. Талқылауға жатпайтын, үзілді-кесілді болуға тиіс нәрсені парыз деп түсінуіміз керек. Өйткені, ол Алланың өзінен парыз етіліп отыр.
Алланың ризашылығына бөленуге, күні ертең о дүниелік болғанда еркекке қарағанда әйелдердің жәннатқа кіруіне жеңілдіктердің көптігі Құранда нақты айтылған. Хадисте: «Қайсыбір әйел төрт амалды орындаса, сегіз жәннаттың қалаған есігіне кірсін» делінген. Біріншісі — күніне бес уақыт намазын оқу. Екіншісі — жылына бір келетін Рамазан айында ауыз бекіту. Үшіншісі — күйеуінің ризашылығына бөлену, төртіншісі — ар-ұятын сақтау. Яғни, төртінші амалдағы ар-ұят дегенде, суық жүрістен сақтанып, некелі күйеуіне ғана көрсетуге тиіс құндылықтары мен артықшылықтарын өзге бөтен көздерден тыю. Себебі, адам баласының бүкіл жаман іс-әрекеті көз жанарынан бастау алады.

Көшеде ашық-шашық киінген әйелді көргенде еркектің ойы бұзылады. Қиялы бұзылған еркек өз әйелінен жериді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Тыйым салынғанға қараған назар — шайтанның улы оқтарынан» деген. Содан отбасындағы махаббат салқындайды. Зинақорлық көбейеді. Осылайша қоғам бұзылады. Әйелдің етек-жеңін қымтап киінуі, біріншіден, өзін-өзі құрметтеуі боп есептеледі. Егер әйел өзінің тән, жан сұлулығын күйеуіне арнайтын болса, жаңағы айтқандардың бәрі соның белгісі боп табылады. Мәселен, үйіміздегі құны мың долларлық бриллиантымызды аяқ киім шешетін орынға немесе кім көрінген жерге тастап қоймаймыз ғой. Ол құнды затты арнайы қобдишаға немесе сейфке, болмаса жұрт көрмейтін жерге тығамыз. Ал біз сырласымыз, бір жастыққа басымыз түйіскен, күнделікті күйбің тіршілікті бірге кешіп, бірге басымыздан өткеріп жүрген жанымыздағы жұбайымызды сол мың долларлық тас құрлы құрметтей ала алмай жүргендейміз?.. Тасты қызғанамыз, бірақ, әйелімізді қызғана алмаймыз. Кәмпит екеш кәмпиттің де сыртын қағазбен қаптаймыз, түрлі зияндардан бұзылып кетпеу үшін. Бұл әлеуметтік де, психологиялық тұрғыдан да пайдасы зор. Бір ғұлама: «Әйел бұзылмасын. Әйел бұзылса — әлемді бұзады» деген екен. Осы мағыналас сөз хадисте де бар. Қоғамдағы әйелдердің жалаңаштану себебі — ұяттың азаюынан. Соны жақсы білген дін дұшпандары: «Әйелдің шариғат шәлісін шешсең, қалған киімін өзі-ақ шешеді» деп жорамалдаған екен. Мұны көзіміз көріп жүр.

Әлбетте, біреудің не істеп не қойып жатқаны Аллаға ғана аян. Дегенмен, әйелімізді әртүрлі тәуекелге тастап, әртүрлі көзқарастардың шырмауына беріп қоя бергендейміз. Пайғамбарымыз: «Кім өзінің анасын, қарындасын, әйелін қызғанбаса, ол дәйіс. Дәйіс жәннатың иісін де сезбейді» деген. Сондықтан, қызғана білу, махаббатыңды жұбайыңа ғана арнай білудің өзі — үлкен жауапкершілік.

«Біздің бабаларымызда анау болмаған, мынау болмаған» деп шолақ шешім қабылдаймыз. Кейінгі уақытта дәл осы ана-әжелеріміздің, қыз-келіншектердің халықтық, дәстүрлік киім кию тұрғысынан кеңірек айналыстым. Біріншіден, апа-әжелеріміз бастарына кимешектерін киіп, мұсылманшылықты түгел сақтаған. Әйелдер болса бастарына орамалын салып, тіпті, бала емізгенде омырауларын да тұмшалап ұстап, мойнын, омырауын көрсетпеген. Ел ішінде: «Қазақ қыздарына орамал тартқызбаған, қыздарының басын ашық ұстаған» деген сөз бар. Мен бұл пікірге қосыламын. Бірақ, біз мына жайтты ұмытып кетеміз. Ол — қазақ қызының балиғат жасына толғанға дейін ғана шашын көрсетіп, ашық жүруі. Балиғат жас деп 15-16 жасты айтамыз. Ал, балиғат жасына толысымен-ақ қазақ қызы құтты орнына ұзатылып отырған. Шариғатта да балиғат жасына дейін қыздың шашы ашық болуына рұқсат етілген. Ал, біз бүгінде қыз деп кімдерді айтып жүрміз? Қыз деп жасы 25-35-ке келген, орын таппай оң жақта отырған қыздарды атап жүрміз. Қазақ қызын 25-35-ке келгенше үйінде ұстамай, ұзатуға тырысқан. Ілгергілер қыздарын қыздай, келінін келіндей ұстаған халық. Демек, мұсылман бабаларымыз хиджабқа оң көзқараспен қараған.

— Ораза айы имандылыққа ұйытып, ортамызды толтырсын. Әңгімеңізге рахмет.

Қызжібек БӘКІР,
«Алтын Орда», газетінің интернет сайтынан алынды
Алматы.

Қысқа-нұсқа:
— Тағдырыңызға ренішіңіз бар ма?
— Тағдырға риза болудың өзі парыз. Сондықтан, өз тағдырыма ризамын.
— Қатты қиналған сәтіңізде өзіңізді қалай қолға аласыз?
— Аллаға құлшылық етіп, құлшылығымды арттырамын.
— Шын жанашырыңыз кім?
— Әлбетте, раббымыз Алла. Өзінен өзгенің асуын тілейтін бір ғана адамдар бар. Ол — әке-шешең.
— Пенде емес адам ретінде мазалайтын маңызды ой?
— Бірінші — өмірімнің соңы қалай аяқталады. Қандай сипатта, қандай амалдың үстінде қайтыс болам, Аллаһтың «лә илләһә иләллаһ!» деген ең маңызды сөзін айтып кете алам ба? Екінші ақиретім қалай болады? Яғни, өліп-тірілгеннен кейінгі өмірім қалай болмақ? Бұл дүние аш болсаң да, тоқ болсаң да, әйтеуір бір өтеді. Аяқталады. Ал, ана дүниедегі өмірің аяқталмайды, мәңгілік.
— Мінезіңіз қандай?
— Мінезімді әрдайым көркемдеуге тырысып жүрген адаммын.
— Бойыңызда жек көретін қасиетіңіз?
— Түзетуге тырысып жүргендерім.
— Құпия сақтауға беріксіз бе?
— Мұсылман баласы үшін аманатқа қиянат қылмау — ең басты қасиет.
— Қанағат деген сіздіңше қандай ұғым?
— Алланың бергеніне шүкіршілік ету.
— Ортамда өз бағамды алдым дер ме едіңіз?
— Иә.
— Өтірікті қандай жағдайда айтуға мәжбүр боласыз?
— Шариғатта үш жағдайда өтірік айтуға рұқсат етілген. Бірінші — әйеліңіздің көңілін дұрыстау үшін жылы сөз айту (тамағың дәмді дегендей), екінші — майданда дұшпаныңды алдауға, үшінші — екі мұсылманның арасын жарастыру жағдайында өтірік айтуға рұқсат етілген (шектен шықпай, шындыққа негіздей отырып).
— Қоғам мен қаламгердің арасында алшақтық бар ма?
— Бар.
— Қалам мен шабыттың арасындағы қандай да байланысты сезесіз бе?
— Кейде сезесің, кейде сезбейсің.
— Шабыт шаттық па?
— Шабытты толық шаттық деу болмас. Кейде жоққа, кейде шынайы нәрсеге шаттануға болады. Бірақ, шабыт әрдайым жақсылық әкеле береді деп айта алмаймын. Кейде басқа жаққа әкетіп қалуы мүмкін.
— Қаламгер ретінде өзіңізді қай кезде «таныдыңыз»?
— 15 жасымнан бері қаламды серік етіп келемін. Бір уақытта танылдым деп емес, бұл да ұштала, кемелдене беретін қасиет.

Сурет СС рұқсаты негізінде ranoush есімді flickr қолданушысының мұрағатынан алынды

5 thoughts on “Ораза ұстаған жан намаз оқуға міндетті ме?

  1. Өте терең сұхбат. Алла разы болсын!!! Көп дүниені жаңа білгендеймін…
    Рамазан айы құтты болсын!!! Ұстаған оразаларыңыз бен дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!!!

  2. Ораза кабыл болсын! Мухамеджан ага сухбатынызга коп-коп рахмет! Кокейимде журген сурактарга толык жауап алдым! Алла разы болсын Сизге!

Comments are closed.