Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.
Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.
Ораза адам жанын тазартып, жаман іс-қылықтардан сақтайды. Құранда Алла тағала: “Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді” (“Бақара” сүресі, 183-аят), – дейді.
Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты – мұсылманды рухани тазартып, тақуалыққа жеткізу. Тақуа – сақтану, қорқу, сиыну. Ендеше тақуалық – Алла тағалаға бойұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мінезді, парасатты жан ретінде, Ұлы Жаратушының сыйлаған сансыз нығметтерінен айырылып қалудан сақтану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсі тізгінін қолға алу.
Нәпсі – бойдағы пендеге тәнқұмарлық сезім. Жалпы адам баласының адамгершілік шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында. Ал нәпсіні тежеуде ораза үлкен мәнге ие. Бірақ, ең бастысы ораза тек Алла тағала разылығы үшін болуы ләзім. Кісі өздігінен тек ашығумен діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені, ораза – бір Алла тағалағаның разылығы үшін жасалатын ғибадат. Қасиетті хадисте Алла тағала: “Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөліркегеннен шыққан ауыз исі мен үшін мисктен де артық”, – дейді.
Сонымен қатар бұл қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қылықтардан да барынша іргені аулақ салған мақұл. Өйткені, ораза тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Алланы еске алып, жиірек Құран оқумен қатар мешіттердегі кешкі тарауих намазына да қатысқан абзал. Алла Елшісі (с.ғ.с.) рамазан айы туралы: “Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, дозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді”, сондай-ақ, “Шынында жәннатта бір есік бар, ол – “Раййан” деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді”, – деген.
Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!
Қасиетті Рамазан құтты болсын!
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти
«Егемен Қазақстан» Республикалық газеті
18 Тамыз, 2009