Қасиетті Рамазан құтты болсын !

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раб­­бысы Алла таға­лаға болсын! Жыл бойы күт­кен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушы­ның пенделеріне тартқан тең­дессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сан­сыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлар­дың салтанат құрған, күн мен түн де тұтас­тай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейі­ріміне тұнған ай. Басқа уа­қытпен салыс­тырғанда жақсылық­тар мен сауаптардың сансыз есе­леніп жазылар айы да – Рамазан.

Ораза адам жанын тазартып, жаман іс-қы­лықтардан сақтайды. Құранда Алла тағала: “Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақ­танып, тақуалыққа жетулерің үшін сен­дерге бұрынғыларға парыз етіл­гендей ораза парыз етілді” (“Бақара” сүресі, 183-аят), – дейді.

Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты – мұсылманды рухани тазартып, тақуа­лық­қа жеткізу. Тақуа – сақтану, қорқу, сиыну. Ендеше тақуалық – Алла тағалаға бой­ұсы­ну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандары­нан тыйылып, иманды, көркем мінезді, парасатты жан ретінде, Ұлы Жа­ратушының сый­лаған сансыз нығметтері­нен айырылып қалудан сақтану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани тазар­тып, көркем мінезге тәрбие­леу, нәпсі тізгінін қолға алу.

Нәпсі – бойдағы пендеге тәнқұмарлық сезім. Жалпы адам бала­сының адамгершілік шы­ңына жетуі мен көркем мінезді болуы­ның негізі – нәпсіге ие болуында. Ал нәп­сі­ні тежеуде ораза үлкен мәнге ие. Бірақ, ең бастысы ораза тек Алла тағала разылығы үшін болуы ләзім. Кісі өздігінен тек ашы­ғу­мен діттеген мақсатына жете алмайды. Өйт­кені, ораза – бір Алла таға­лағаның разылығы үшін жасалатын ғибадат. Қасиетті ха­дисте Алла тағала: “Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған бе­ріле­тін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлым­ның аштық пен шө­лір­ке­геннен шық­­­қан ауыз исі мен үшін мисктен де артық”, – дейді.

Сонымен қатар бұл қасиетті айда тек қана ішіп-жеу­ден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қы­лықтардан да ба­рынша іргені ау­лақ салған мақұл. Өйткені, ораза тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амал­дарымызды көбейтіп, көбірек Алланы еске алып, жиірек Құран оқумен қатар мешіт­тердегі кешкі тарауих намазына да қатысқан абзал. Алла Елшісі (с.ғ.с.) рамазан айы туралы: “Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, дозақ есіктері жабылады, шайтан­дар кісенделеді”, сондай-ақ, “Шынында жәннатта бір есік бар, ол – “Раййан” деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді”, – деген.

Құрметті мұсылман қауым! Ұс­таған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

Қасиетті Рамазан құтты болсын!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти
«Егемен Қазақстан» Республикалық газеті
18 Тамыз, 2009