Тарауихтың не екенін білмеппін…

Рамазан келе жатыр“Бес сауалдың” бүгінгі қонағы – Тимур Бектұр, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

1. Өміріңдегі ең алғашқы Оразаны ойлағанда есіңе бірінші кезекте не түседі? Неге?

Бұл сұраққа былтырғы ораза туралы айтқым келіп отыр. Өйткені, одан бірнеше жыл бұрын ұстаған оразаларым онша есте қалған жоқ. Шамасы, бұл теңдесі жоқ ғибадаттың мәнісін қатты сезіне қоймаған болуым керек. Ал былтырғы оразамның ерекшелігі – 2008-дің Рамазанында мен дінге келдім. Маңдайым сәждеге саналы түрде тиді. Сондықтан «ораза» десе есіме пойыз түседі. Себебі, алдыңғы жылдың Рамазанның бірінде мен жолаушылап келе жатырдым. Ауылдан жұмысқа, Маңғыстаудан Атырауға. Оның алдында ораза уақыты басталмас бұрын ниеттеніп жүргем. Аллаһ Тағала ниетімді қабыл етсе керек, дәл қыркүйектің бірі күні жолушылап келе жатқан маған «Неліктен ораза ұстамасқа?» деген ой келді де Атырауға келе салысымен ауыз бекіттім. Тағы бір қызығы, қасымдағы купелес жолсерігім Оралдық шала қазақ кәрі қыз болды. Қолында христиан миссионерінің кітабы. Дін мәселесінде шикі болсам да бойға біткен әдетпен дін мәселесінде де, тіл мәселесінде де, діл мәселесінде де бір тәжікелесіп алдым. «Құдайдан неге қорқасыңдар? Құдайды сүю керек!» дейді әлгі апам. Ал мен оған Аллаһты сүйе тұрып қорқу керек екендігін түсіндіре алмадым. Бәлкім, орысшам жетпеді…

2. Егер ертең Оразаның алғашқы күні болатын болса, бүгін не істер едің?

Мешітке барып тарауих намазын оқыр едім. Оразаның алғышарттарын тағы бір қарап шығар едім. Оразадан оразаға аман-сау жеткеніме Аллаһқа мың да бір шүкіршілік айтқан болар едім.

3. Оразаны ұстау барысында басыңнан өткен қандай да бір қызықты оқиғамен бөліссең?

Хехе… Надандық қо… Жаңағы айтқанымдай, былтырғы ораза айында намаз оқып бастағам. Содан бір күні таныс жігіттер «Кешке мешітке келсейші. Тарауих намазы боп жатыр» дейді. Мен сірә оның не екенін білмеймін. Бардым. Аяғым дірілдеп әрең шыдадым. Келесіде әлгі жігіттер «Көрінбей кеттің ғо? Келсейші, құран-хатым аударып жатыр» деді. Оның не екенін сұрап, бір сағаттың үстінде намаз оқылатынын естіген соң қашып кетіп, айдың соңына таяу бітерге бардым… Сол оқиға есіме түсіп кетсе, қазір күлкім келеді.

4. Ең жақын досың Ораза ұстағысы келмей сылтау айтып жүрген болса, яки теріс жолға түсіп бара жатса, қандай шара қолданасың?

Мен дінге ешкімнің қыспағынсыз, өз еркіммен келдім. Рас, жанымда жүрген бауырларымның септігі тиді. Дегенмен, ораза ұстауға, намаз оқуға шешімді өзім қабыладым. Ешкімнің уағызынсыз, ешбір кітапсыз, санал түрде. Сондықтан, өзгелердің де дінге саналы түрде келгенін қалаймын. Өз ниеттерімен. Осы сұрақ қойылған соң, кеше алыс-жақын достарыма қолқа салдым. Осы сайттағы Әбсаттар қажының кітабын ұсынып, ораза ұстаушыға сауапты Аллаһтың өзі беретіндігін алға тартып дегендей, өзімше ынталандырдым. Бірнешеуі бас тартты. Біреуі тіпті жауап бермеді. Біреуі ұстайтын сыңай танытты. Оған да шүкіршілік. Ары қарай ешкімді қыстағым келмеді. Аллаһ хидаят берсе, әлі-ақ ниеттері түзелер. Қазір өзі адамдарға жақпайсың, «Мына жүрісің не, намазға жығылсайшы? Ораза ұстасайшы, ойлансайшы?» десең, құдды бір өзіңнің саудаңды жүргізгің келіп тұрған құсап қарайды, не «Сектаға мүше бол» деген секілдісің, өзіңе үрке-қарап ат-тондарын ала қашады. Ал енді кейбіреулері кәдімгідей алғысын айтып, бірақ мазаламауын өтінеді. Ондайларға өзің де жылы қатынас орнатасың. Негізі мұсылманның мұсылман алдындағы парызы – хақ жолына шақыру, әрқашан мейірімді болу. Біреулерге менің мінезім сөлекет көрінер, бірақ дінге келсем де қырсықтығым әлі кетпей жүр. Жақыным ретінде жанашырлық танытқаныңда, «Ниетіңе рахмет, алайда мен әлі дайын емеспін» деудің орнына, мазақ қылып, өзімді келеке қылғандарға «Маған десең дінсіз кет!» деп айтуға тілімді тістеп барып, әрең үнсіз қаламын…

5. Оразаға орай Сені ауызашарға шақырсақ, соңынан бата тілесек, қандай бата берер едің?

Маңғыстауда баршаға ортақ, кең таралған, ас соңынан қайырылатын бата бар. Соны оқып берер ем: «Ас қайыр, берекет. Адамға қанағат! Күллі пәледен аман ет! Ниеттерімізді қабыл ет! Әлхамдулиллаһи Аллаһу әкбар!» деген. Аллаһ Тағала асыңды берсе, берекетті қылса, барлық пәледен алыстатса, сондай-ақ ниетіңді қабыл етсе, бұдан артық адамға не керек?

2 thoughts on “Тарауихтың не екенін білмеппін…

  1. сөз жоқ, Әлхәмдулилләһ барі жақсы, тек қана уағыздар көбірек болса

  2. Ассалаумағалейкум Тимур бауырым!!! Оразаңыз мубарак болсын!!!
    Сені осы жерден көргеніме мәз болып қалдық. Иншаллаһ, ендігісін Бекет ата мешітінде тарауих намазында кездесерміз деп ойлаймын. Аллаһ разы болсын!!!

Comments are closed.