Мұсылмансың ба? Ендеше ораза ұстайсың ғой?

Құрметті сайт оқырмандары!

Қасиетті Рамазан айының басталуына да санаулы күндер қалды. Oraza.info сайты биыл да мүмкіндігінше ораза бойы мәліметтермен бөлісіп, жаңадан ораза ұстаушыларға ақпараттық қолдау танытпақ. Араларымызда біріміз оразаны бірнеше жыл қатарынан ұстап келе жатсақ, енді біріміз өміріміздегі алғашқы оразаны тұтқалы жатырмыз. Аллаһ тағала ниеттерімізді қабыл қылғай.Сайтымыздың бірнеше бөлімнен тұратынан хабардар боларсыз. Соның бірі 5-сауал деп аталады. Оқырмандарымыздан Оразаға байланысты басынан өткен қызықты хикаяларымын бөлісуін сұраймыз. Бұл жолы назарларыңызға Лондонда біліп алып жүргенде алғаш рет ораза ұстаған жанның әңгімесін ұсынып отырмыз. Шағын әңгімеде адамның Аллаһты тану жолындағы талпыныстары баяндалғандықтан Сіздермен бөліскенді жөн көрдік.

www.oraza.info редакциясы

Бәсеке!

Шынымды айтсам, дінге қатысты менің ұстанымдарым кездейсоқ оқиғалармен байланысты. Бұл үшін ұялуым керек шығар. Ойымды ірікпей жазып отыруымның себебі де сол.

Жиырма жылдық өмірімде алғаш рет ораза тұтпаққа бекіндім. Оның өзінде шетелде жүргенде. Ию-қию тіршілігі таласқан Лондонда жүріп алғаш рет ораза туралы ойландым. Оның өзінде бұған айналамдағы мұсылмандар түрткі болды. Рамазан айы жақындаған сайын олардың дінге қатысты әңгімелері көбейіп кетіп еді:

– Сен мұсылмансың ба?

– Солай сияқты

– Ендеше, Ораза ұстайсың ғой?

– Іммм… жоқ.

– Неғып?

«Ондай нәрселер қызықтырмайды» деген тәрізді жауаптарыма олар бастарын шайқайтын. Тіпті: «Біз, қазақтар, ұзақ уақыт бойы Ресейдің қол астында болып, дінімізді жоғалтып алдық немесе болмысымыздан – көшпелі халықпыз. Бұрын күнге табынғанбыз» деген тәрізді шатпақтарым да сенімсіз шығатын. Себебі олар: «Сен өзі мұсылмансың ба?» деп меннен қайыра сұрайтын. «Иә…» «Онда неге ораза тұтпайсың?» «Іммм…»

Рамазан айы келген күні сәл ертерек таңғы 5-те тұрып, бір стақан су іштім де «Бастау керек» деп шештім. Таңертең ұйқыдан Оразаға ұстаған адам болып ояндым. Өмір сүру оңай болып көрінгені есімде. Мүмкін өзімнің ораза ұстап, шын мұсылман болғанымды сезінгендіктен бе, әлде асқазанымның жеңілдеп қалғанынан ба? Бірақ орындау қиындау тиді. Кешке дейін диссертациямның қағаздарынан бас алмай, жұмыс күнінің соңына қарай әл-дәрменім қалмайтын. Жан дүнием күйзеліп кететін. Дүниенің жалғыздығы мені шырмап алғандай болатын. Осындай күймен үйге қарай сылбыр басып аяңдайтынмын.

Есімде бірінші күні кешке пәкістандық дүкеншіден ауызашарға тағам алғалы тұрғанымда сумкамдағы құрманы көріп: «Ораза ұстайсың ба?» «Иә…» «Ай-вай, Машаллаһ! Қалағаныңды ала ғой. Бәрі де сен үшін сыйлық!» дегені бар.

Үйге келісімен үлкен дастархан жайдық. Көршілерім – кениялық, норвегиялық және үндістандық тегі бар ағылшын мұсылман қыздары еді. Тек байғұс тайвандық қыз баланың тағдырына ғана будда болу жазылыпты. Бірақ ол да бізге қарап көп басын қатырған жоқ, құрманы уыстап жеп отырды. Сол күндердің барлығында біз ауызашарда бірге бас қосатынбыз. Туған елден жырақта білім алып жүргендегі менің көңіліме шуақ сыйлаған ең ұмытылмас сәттер осылар еді. Шамамен бұл былай болатын. Әуелі аядай ғана ас үйде қысылып-қымтырылып жүріп әркім өзінің тамағын жасайтын. Қазанда бірнәрсер сақырлап қайнап жатса, пеште біреу иісін шығарып қуырып жататын. Сосын асүйдегі алақандай терезеден дайын тағамдарымызды үлкен үстелге қарай өткізіп жіберетінбіз. Күн ұясынан қонысымен бәріміз жайғасып, дастарханнан қарнымыз тойған соң бірақ тұратынбыз. Күніміздің қалай өткенін, өз елімізе қатысты оқиғаларымызбен бөлісетінбіз. Кейде әңгіме-дүкеннің әсерімен пәкістандық саудагерлердің шағын дүкеніне бас сұғамыз. Олар болса, бізге дессертке деп үлкен қарбыз ұсынатын.

Кей күндері тамақты үйге тапсырыспен алдыртамыз немесе кафе, ресторандарға барып тамақтанатынбыз. Ол жақтағы аспазшылар да ауызашар уақытын дәл білетін. Тағамымызды тура уақытында әкеп беретін. Бізбен бірге тұратын тайвандық қыз да үнсіз ораза ұстады. Оған «Саған ауыз бекіту керек емес» десек те қырсығып, бой бермейтін.

Бірақ толықтай ораза ұстадым деп айтуым шындыққа жанаспайтын шығар. Себебі оразамды соңына дейін ұстамадым. Өмірімдегі жалғыз оразамды алдым да, бұзып жібердім.

Соңына қарай санамды «Сен бұны не үшін істеп жүрсің? Шыныңды айтшы, не үшін? Саған құрбыларыңмен бірге тамақ пісіріп, туған елден жырақта бауырмалдықты сезінген ұнай ма? Бұл үшін ораза ұстаудың қажеті жоқ. Саған күні бойы тамақ ішпей, өзіңнің төзіміңді сынаған ұнамай ма? Бұл үшін де қасиетті айды күтіп, ораза ұстау қажет емес. Ораза ұстап жүрген мұсылман қыз дегенді есту үшін бе? Бұл үшін де Ораза ұстау міндетті емес!» деген сауалдар мазалады.

– Сонымен не үшін?

– Білмеймін.

Сол үшін де орта жолдан үздім.

Өз-өзімді осы істі бастағаным үшін жазғыра бастадым. Шындығында мен ең бір асыл да тереңнен келетін қасиеттіге қол жеткізу үшін ең оңай, ең ұсақ жолды таңдағандаймын.

Иман әлемінің күрделі қатпарларына мен көпе-көрнеу киліге салған сияқтымын. Өйткені қасиетті айда тіпті ислам діні туралы ойлаған емеспін. Ақыл таразысына салып, ешнәрсеге байыппен де қарамаппын. Білмегендіктен оразаның шарттарымен де дұрыс таныспаппын.

Осындай сәтсіз сынақ болды. Бір де нөл. Мен жеңілдім!

Өмірімдегі дінге қатысты келесі бір жағдай жұма сайынғы мешітке баруларыммен байланысты. Бұнда да қасымда қыздар болды. Бірақ өзіміздің, Қазақстанның қыздары. Алғаш рет мешітке барамыз дегенде қатты қобалжығаным бар. «Ол жаққа боянып баруға бола ма?» «Біз өкше киіп барсам ше?» «Юбка киіп баруға бола ма екен?» деген сұрақтар қаумалады. Сөйтсем, бәрі де болады екен. Ешкім де назар аудармайды. Ең бастысы табалдырыққа жетпей тұрып басыңа орамал тартсаң болғаны. Орамалмен басымды орап алдым. Ішке ендім. Басымды идім де, еденге отырдым. Осы сәтте жан-жүрегім қопарылып түсті. Енді өтірік айтып отырған жоқпын. Өмірімдегі ең алғашқы мешітке кірген сәтімде көңілім босап, жылағым келді. Көзге еріксіз жас бердім. Не үшін, кім үшін екенін де білмедім. Бірақ менің жылағаным ата-анасының алдында кінәлі болып жылаған баланың жылағанындай болды. Әке-шешесі ұрысқан сайын дауысы үдей түсетін тәртіпсіз баланың жылағанындай. Себебі өзіңнің айыбыңды білгендіктен жылайсың.

Нәтижесінде біз бір-бірімізді түсінген сияқтымыз.

Күмбез астындағы молданың мұңлы әуезін тыңдап, аппақ орамалды бастарға қарап отырып, сол сәтте мен шүкіршіліктің не екенін сездім. Көз жасымның себебін түсіндім.

Бір де бір.

Орысшадан аударылды.