Мүбарак Рамазан құтты болсын!

11-тамыз – қасиетті Рамазан айының алғашқы күні.
Мүбарак Рамазан құтты болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Cағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған мұсылман жұртшылығының қасиетті айы Рамазанға да жеттік.

Рамазан – Алла тағаланың мейірім нұры жауатын, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл он екi айдың ең қадiрлiсi. Бұл айда Алланың рахымынан үміт ете отырып ораза ұстап, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәларынан арылады.

Таңның атысы кештің батысына дейін нәр татпай ғана қоймай, мұнымен қоса түрлі жамандықтардан бойын аулақ ұстау – нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі екені даусыз. Ал күні бойғы нәпсімен арпалысқан күрестің есесіне кешке сізді мол сауап, ерекше ләззатты сәттердің күтіп тұруы өз алдына бір ғанибет.

Ораза ұстау – Құран кәрімде және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптерінде нақты бекітілген бес парыздың бірі. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» – делінген («Бақара» сүресі, 183-аят).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бір хадисінде Алла тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:

«Адам баласының барлық амалы өзі үшін … Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық».

Ораза бір жағынан адамның өз-өзіне есеп беруі іспетті. Ол – иләһи сырларды түйсінудің құтты кеңістігі. Рамазанның аспаны қай кезде де берекелі ақ нөсерін төгуге дайын рахым бұлттарына толы. Оның сұлу тамшылары кенезесі кепкендердің таңдайын жібітіп, шөлін басады.

Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан мұсылмандар бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір оғаш іс-әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген  жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді.

Бұл айда мүмін-мұсылмандардың көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла тағала ондай адамның  тек  ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген ескертулері жаңғырып тұрады.

Мұсылмандық күнтізбе бойынша әр жылғы ораза оның алдыңғы жылғы ораза уақытынан он, он бір күнге бұрын ұсталады. Биыл Рамазан айының бірінші күні тамыз айының 11-іне сәйкес келіп тұр. Яғни бұл жылғы ораза күндері жылдағыдан анағұрлым ыстық болмақ. Сондықтан мұсылман жамағаты өзге жылдағыларға қарағанда көбірек төзіміділік танытуына тура келеді. Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзіп, тіпті, күннің ми қайнатар аптап ыстығында ауыз бекітіп шыдайды. Алайда Алланың разылығы үшін ыстық пен шөлдің тауқыметін тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексіз рахымға бөленбек.

Осы тұста, еліміздегі кәсіпкер азаматтар мен мекеме басшыларына бүкіл Қазақстан мұсылмандарының атынан өтініш-тілегімізді де жеткізгелі отырмыз. Алла ризалығы үшін қасиетті Рамазан айының құрметіне елімізде ай бойы азық-түлік бағаларына, қонақ үй сияқты басқа да қызмет көрсету орындарының, ұшақ, пойыз, басқа да көлік бағаларына 10 пайыздық жеңілдік жасауға шақырамыз. Сондай-ақ бұл айда дүкендерде ішімдіктің барлық түрі сатылмаса.

Сөз соңында, барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЖӘНЕ ОРТА АЗИЯ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ,
БАС МҮФТИ ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ